Биыл әскер қатарына қанша адам шақырылады?

Биыл әскер қатарына қанша адам шақырылады?
Сурет: Egemen.kz

Жыл соңына дейін 19 мыңнан аса азамат Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылым қатарын толықтырады.

Бұл туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазіргі әскерге шақырудың ерекшелігі – ашықтықтың артуы. Осы сарбаздар аналары комитеті өкілдері мен халықтың әскерге шақыру комиссияларының жұмысына қатысуы қамтамасыз етіледі. Жергілікті атқарушы органдар, әкім орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмыстарын бастап кетті. Биыл 1 қыркүйектен 28 желтоқсанға дейін Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18 бен 27 жас аралығындағы 19 мыңнан астам сарбазбен толығады», - деді Б. Артықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл Қарулы күштер мен Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылатын жас ұрпақтың саны алдыңғы науқандармен салыстырғанда ұлғайды.

«Әскерге шақырылушыларды хабардар ету жеке шақыру қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылады, олар үйі мен жұмыс орнының мекенжайларына жеткізіледі. Әскерге шақырудан босатуды кейінге қалдыру мемлекеттік қызмет болып саналады және азаматтарға Электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады. Кез келген адам ақпарат алу үшін жүгініп, жауап ала алады. Ол үшін Қорғаныс істері жөніндегі әрбір департаментте «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңселері жұмыс істейді, электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар ашылды», - деп түсіндірді департамент басшысы.