«Байқоңыр» - қазақтың бағы ма, соры ма?

«Байқоңыр» - қазақтың бағы ма, соры ма?
all.aikyn.kz

Биылғы жыл  Сыр  өңірінің  халқына ауыр тиді. Көктем  басталғалы  көктен  бір тамшы  жаңбыр  түспеді.  Малдың аузы көкке тимеді.  Мал  жұтап, аштан  өліп жатқан  оқиғалар  тіркелді.  Ауа райының  ыстығы  50 градустан асып  жығылды.  Осының  бәрі  Байқоңыр  ғарыш  айлағының  ықпалы  дегеннен  басқа  амал жоқ.

Адамзат баласы санаулы ғана жылдардың ішінде ғарыш кеңістігін игеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ғарыш технологияларының ғылымға, техниканың дамуына игі ықпалын тигізіп отырғаны сөзсіз. Осы уақытта орбитада мыңдаған жерсеріктер ұшып жүр. Олар адамзат үшін қажетті аса маңызды стратегиялық міндеттерді орындауда. Ғарыш аппараттары Айға және Венераға, Марсқа  ұшып, түрлі зерттеулер жүргізуде. Қазіргі заманғы жоғары технологиялардың барлығы да ғарышпен байланысты  десек те,  бізге  қазір  адамның  амандығы  мен  қадірінің  қашпағаны  қымбат.

Осы орайда ғарыш саласында өзіндік үлесі бар ел ретінде Қазақстанның  өзіндік мақсаттары болуы шарт. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, халықаралық маңызды серпінді жобалардың іске асуына,  әлемдік ғылыми  және  ғылыми-техникалық кеңістікте кірігуіне ықпал ететін отандық ғарыш саласын жасауға міндеттіміз.

Атом өндірісін әскери мақсатта пайдалануға болмайтыны секілді, ғарышты да әскери  бәсеке  алаңына айналдыруға болмайды. Әрине, бұл БҰҰ деңгейінде қойылатын талап болу қажет. Себебі бұл саланың да теріс мақсатта пайдаланылуы атомдық қарулардан кем зиян әкелмей  отыр.

Қазір ғарыш саласын әскери мақсатта дамытуға күш салып жатқан елдер де бар.  Әскери қорғаныс саласын жетілдіру жолында АҚШ пен Иран  секілді зымырандарға қарсы   қорғаныс орнату үшін миллиардтар құю еліміз үшін тиімсіз болар еді. Оның үстіне, еліміз  соңғы 30 жылдық тарихында ешбір әскери амбиция танытқан емес, бейбіт имидж қалыптастыруда.

Ғарышты игеру саласын прагматикалық көзқарасқа салатын болсақ, нақты мемлекет қазынасына пайда түсіріп, ел азаматтарына игілік әкелетін жобалардың ғана маңыздылығы үстем  болғанда  ғана  біз  көздеген  мақсатымызға  жетеміз.

 Жақында  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанын еске салған-ды. Осыған байланысты 1994 жылғы жалға беру келісімшартының 4-бабына өзгеріс те  енгізілген болатын. Бұл түзетулер ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алуды ұзарту және пайдалану туралы міндетті іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, «Байқоңыр» кешенін жалға беруден республикалық бюджетке жыл сайын 115 миллион доллар түседі. 27 жылдың ішінде шамамен 3,1 миллиард доллар төленген  көрінеді.

Сондай-ақ, Президент «Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Осы мәселеге байланысты Мәжіліс  депутаттары Ресейдің «Байқоңырды» пайдалану қағидаларын қатаңдатуды көздейтін заң қабылдамақ. Құжатта Ресейден шығынды талап ету шарты, яғни өтемақы төлеу, экологияға келтірген материалдық шығындар да көрсетіледі деп жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Мәжілістің кеңейтілген отырысында Ресейдің экологиялық шығындарды өтеуді сөз жүзінде мақұлдағанымен, іс жүзінде басын ала қашып, бюрократиялық құйтырқылыққа салып отырғанын  мәлімдеді.

«2018 жылы «Байқоңыр» ғарыш кешенінде орын алған апаттан кейін Кремль экологияға келтірген орасан зиянның орнын толтырмады. Қазақстанға көк тиын төлеген жоқ. «Союз-ФГ» ғарыш зымыран тасығышы апатқа ұшырап, 22 тонна зымыран майы өңірдегі территорияға төгілген болатын», -деді министрдің орынбасары.

2013 жылы «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшыраған кезде де, «Союз-ФГ» зымыран тасығышы құлағанда да, өтемақы төленбеген. Ол кезде де зымыраннан төгілген 600 тонна гептил табиғатты ластап, экологияға таралып кеткен болатын. Оның құрамында азот тетраоксиді мен керосин болған  көрінеді.

Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі апаттың шығынын 13 миллиард теңгеге бағалаған. Бұл 86 миллион АҚШ долларын құраған. Соңғы 20 жылда «Роскосмос» «Байқоңыр» ғарыш кешенінен «Протон-М» зымыран тасығышын 110 рет ұшырып, оның 11-і апатқа ұшыраған.

«Кремль бұл мәселені елеп-ескергісі келмейді. Елге жаны ашып отырған жоқ. Шығынның орнын толтыруды ойламайды да. Байқоңырдың экологиялық ахуалы мүшкіл. Халық умен тыныстап жүр. Қазақстан билігі қол қусырып қарап отырмай, Кремльге материалдық шығынды төлетуді мәжбүрлемесе, жағдай ауырлаған үсіне ауырлай түседі», - дейді сарапшылар.

Байқоңырдан ғарышқа жөнелтіліп жатқан «Роскосмос» зымырандары аса улы гептилді пайдаланады. Аталған жанармай түрін қолданудан Батыс елдерінің барлығы бас тартқан. Өркениетті елдер де  улы  гептилге  түбегейлі тыйым салынған.

Ресей Ғылым академиясының Күннің рентген астрономиясы зертханасының  мәліметі  бойынша сәуір-айында   магнитті  дауылды Жер шары тұрғындары алты   рет сезінеді  екен. Осы  кезде  Байқоңыр  ғарыш  айлағынан  ракеталар   көптеп  ұшырылады. Көктемгі  жауын-шашын  мол  түсетін  кезде  бұл топыраққа  бір тамшы ылғал  түспеуі  әдетке  айналып  кетті.  Осы  кезде  аймақта  өлім-жітім  көбейіп  кетеді. 

Геомагнитті  дауыл Күннің белсенді әрекетінен,  яғни оның бетінен атылатын жарқылдардың   әсерінен болады. Биыл Күн белсенділігі айрықша байқалып отыр. Ғалымдар магнитті дауыл әсерін елемеуге кеңес береді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратындардың да саны  көбейіп тұр.    

 Ресей ғарыш әскерлерінің негізгі стратегиялық базасы болып саналатын “Байқоңыр” біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, еліміздің тәуелсіздігіне үлкен қатер тудырып отыр. Себебі, ғарыш айлағынан Камчаткадағы “Кура” сияқты полигондарға сынақ үшін жиі-жиі жіберіліп тұратын СС-18 ,  НАТО-ның классификациясы бойынша “Стилет” деп аталатын СС-19, СС-20 зымырандары бар. Оның үстіне ғарышта ұшып жүрген ядролық "Космос” сериялы әскери спутниктер “Байқоңырдан” басқарылады. Біз қанша жерден атом қаруы жоқ елміз десек те, ядролық қаруы бар елдер арасында өзара соғыс жанжалы туа қалған жағдайда, “Байқоңыр ” бірінші нысана көзі болары даусыз!

Бүкіл ғаламшарымызды қоршап тұрған атмосферадағы ауа құрамының 20,95  пайызы ғана тіршілікке қажетті оттегінің үлесіне тиеді. Ал енді осы оттегіні тазалайтын сүзгі әрі планетаның қос өкпесі – қылқан жапырақты Сібір ормандары, Оңтүстік Американың Амазонка бассейніндегі тропикалық ормандар мен өсімдіктер әлемі және Орталық Азиядағы, оның ішінде біздің оңтүстіктегі Ақсу Жабағылы аршалары да зардап  шегіп  отыр.

Зымыран двигательдеріне гептилден басқа небір улы құрамды заттар, криогенді отындар қолданылады. Яғни ерекше технологиялық әрекетпен біздің өзімізге, өмірімізге қажетті оттегі газдары мен ауа кеңістігіміз тоналып, ғарышқа сіңіп,  ғайып  болады  екен. Сондықтан  бұл қондырғылар Ресей ормандарында емес, жері күйіп кеткен, ауасы лас, ормансыз, теңізі мен көлі жоқ, тақыр “Байқоңырдың” топырағында орналасқан. 1957 жылдан бері тіршілікке   қажетсіз болып қалған ауаның көлемі қанша екенін бір Аллаға ғана аян. Табиғат-Ананың әр аймаққа өлшеп берген ауасы, суы, желі бар. Әрі осы космодромның теңіз бен мұхит жағалауында емес құрылықта орналасуы күн өткен сайын  оттегінің ауадағы қалыпты мөлшерін азайтуда. Сәуір мен қазан  айлары  арасында бұл аумақта оттегі қалмайды. Оттегінің ауа құрамындағы аз ғана ауытқушылығы тыныс алуға ғана емес, адам ағзасындағы зат алмасу процесіне де кері әсерін тигізіп, қан аздық, ақ қан түйіршіктерінің көбеюі, қатерлі ісік, тері аурулары мен көптеген медицинаның шамасы келмейтін сырқаттарды  ұлғайтып  отыр.   Бұған мутацияға ұшыраған жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін қосыңыз.

Ауа мен бұлттардың табиғи ағымы әлдеқашан бұзылған. Ғарыш кемелері ұшқаннан кейінгі апталап басылмайтын күшті желді, көктемде жеміс ағаштары   гүлдеп тұрған  шақта аяқ астынан шалатын үсікті, дауылдар мен бұршақты нөсерлерді болжап білу мүмкін емес. Ауа райын болжаушылар бұл туралы  жұмған аузын ашпайды. 

Зымырандарда қоршаған ортаға аса қауіпті гептил отыны колданылады. Байқоңырға  жақын  орналасқан  Қазалы  станциясынан  күн сайын  жүздеген  гептил  құйылған  цистерналар  өтетінін  теміржолшылар  айтып  жүр.  Сондай  қауіпті  цистернадан  аса  қауіпті  гептилдің  бір тамшысы  тамып,  елді  әбігерге  салған  күндер де  болған.  Ол туралы  алда  арнайы   бір мақаламызда  айтатын  боламыз. Экологияға аса қауіпті отындарының 50-60 пайызы ғана жанып  үлгеріп, қалғандары топыраққа  төгіледі  екен.

Гептил сұйық отыны – аса улы, тіршіліктің нағыз қас жауы. Және де жануды күшейтетін катализатор ретінде күмістің ионы қолданылады. Бұл өз кезегінде гептилмен бірге төгіліп, зымыран ұшып өткен бағыт бойында мындаған шаршы шақырым жерде ылғалды бұлттар мен жерден ұшқан бұлттарды қоюлатып, қатты буландырып  жіберетін  көрінеді. Әдетте күз, қыс, көктем айларында көктегі бұлттар мен қатпар бұлттардың қалындығы 100-500 метр болса, “Протондар” ұшқаннан кейін олар буланып, қалыңдығы бірнеше шақырымға дейін жетіп, жер бетіне күн сәулесін түсірмей орап, қымтап жауып тастайды.

2001 жылы желтоқсанда Ресей “Байқоңырдан” кетпек болып, ылғалы көп Архангелскі облысында орналасқан Плесецкі космодромынан осы “Протонның” біреуін ұшырып көрген. Соңда Ресейдің еуропалық бөлігінде қалыңдығы бірнеше метр қар жауып, Мәскеудің өзінде 40 градус  аяз тұрыпты. Одан кейін бұл зымырандарды Ресей ғарыш айлағынан ұшыруға тыйым салынған. Қазір бұларды тек Қазақстаннан ғана ұшырады. 

Батыс елдері өлердей қорқатын, “Сатана” деп атап кеткен зымырандар ылғалы көп жерлерден ұшырғанда сұмдық аязды апаттар әкелетіні әскерилерге бұрыннан белгілі жағдайлар.

Бұл өсімдіктер әлеміне де өзіндік зиянын тигізуде. Мәселен, Тәжікстан мен Өзбекстанның оңтүстігінде өсірілетін биязы талшықты мақта плантацияларын жаз  айларында бұршақтан қорғап, оны жауынға айналдыру үшін бұлттарды күмісті-иодтты снарядтармен атқылау тәжірибесі қолданылады.  Ойрандалған табиғатымыздың  қорғаушысы болудың орнына Ресейдің “Роскосмосының” одақтасына айналған үкімет басшыларына не  айтуға  болады?!

Бұрын Жер серіктері Ақмола үстінен ұшып өтіп, бұл аймақтарда сұмдық аяздар болып тұратын. Қазір бұл қала Астана  статусын  алғаннан кейін оның  қауіпсіздігін  қамтамасыз ету үшін ғарышқа ұшатын Жер серіктерінің басқарылу траекториясы өзгертілген. Қазір  бұл  қалада  бұрынғыдай қатты аяз жоқ, қалыпты ауа-райы қалыптасқан. Оның есесіне, зымыран бағыты Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстік аудандары мен Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарын бұрқасындатып, оның әсері республиканың барлық аймақтарына тарап отыр. Оның ықпалы  тіпті өзбек пен қырғыз асып, сонау тәжік жеріне дейін жетіп  отыр. Өткен жылдары қыс айларында Шығыс Қазақстан мен Моңғолиядағы, жалпы ғаламдағы сұмдық аяздар мен оңтүстіктегі теңіз бен мұхит жағасындағы елдердегі су тасқыны да – осы “Протондардың”  тигізіп  отырған  зардабы. Жер серіктерін алып ұшатын   зымырандар өз орбитасына шыққанша ғаламшарды бірнеше  мәрте  айналып  ұшады. Сондықтан да Батыс елдері бұл зымырандарды “Сатана” деп атап  кеткен.

Протон зымырандарынан келетін әлеуметтік шығын шаш етектен. Жыл сайын әр отбасы үйін жылытуға жұмсаған отынын (газ, мазут, дизель отыны, көмір, ағаш, электр энергиясын) есептеп жатқан кім  бар? Балабақшалар, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері, қарттар үйлері мен басқа да мемлекеттік мекемелердің артығымен пайдаланған энергокөздерін есептеп көріңіз. Тұмау және басқа да ауруларды емдеуге кеткен дәрі-дәрмектерге кеткен халықтың шығынын кім көтереді? Қарлы борандардың зардабын жоюға, қар басқан үйлер мен авто және теміржолдарды аршуға, құлаған ағаштардан тазартуға кеткен шығындар қанша ма? Жабайы аңдар (ақбөкен, киік, арқар, таутеке, жайран т.б.) көктемде төлдеп жатқанда үсіп өлген, гептилден уланып өлген жануарлар мен, жемістер мен өсімдіктерді тозандандыруға тиісті, табиғатқа да, адамға да аса қажетті бал араларын кім есептеп жатыр? Өсімдіктерді қорғауға тиісті, шегірткенің қас жауы, адамның досы – жойылып бара жатқан құмырсқа мен құстарды ойлап жатқан жан бар ма?

Қазақстан Үкіметі  “Байқоңырдан” ұшырылатын “Протондардың” есебін неге  жарияламайды? Еліміздің иесі бар ма, бар болса неге оны елінің, халқының мүддесі толғандырмайды? Бұл  туралы  белгілі  журналист,  қоғам  қайраткері  Ілесбек  Байжанов  өз  мақаласында   жан-жақты  ашық  айтыпты.

 «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей жалға алып отырғанмен, Қазақстанның «Байқоңырда» жүзеге асырылып отырған барлық жобаларға қатысы бар. Сондықтан қандай жағдай болсын, кез келген сұрак, бойынша Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәселесіне келгенде Қазақстанмен ақылдасып, ортақ мәмілеге келу арқылы шешім шығара алады. Бұл мәлімдемеден ештеңе өзгере қоймас. Десек те, кейбір ресейлік салмақты саясаткерлер өздерінің ойларын жеткізіп қалуға тырысып-ақ жүр.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан және Ресей үкіметтерінің келісімдері негізінде соңғысына елу жылға жалға берілген. Ол жақында  тағы  50 жылға  ұзартылды.  Яғни келісімшартта көрсетілген мерзім ішінде Ресей пайдалануға құқылы. «Байқоңырдың» отаны Қазақстанның мүддесін ескеру қатаң  сұралуы  тиіс. Ғарыш айлағының тағдыры екі ел арасындағы салмақты келгсімдерге байланысгы болып тұрған кезде, оған  өзге державаларды араласырудың қажеті жоқ. Жасыратыны жоқ, келіспей шешім шығару, басқа да өктем мәлімдемелер жасаудың астарында өзгеше пиғыл жатпауы  тиіс.  Екі ел үкіметтерінің   келісімінсіз сырттай шешім шығара салуды мемлекеттік меншігімізге қол салу дел түсінген  абзал. Жалпы, «Байқоңыр» туралы мәлімдемелер, ұсыныстар көп айтылып кетті. Ондай  ұсыныстар  әсіресе, ресейліктер тарапынан  туындауда. Сондықтан  алдағы  уақытта  стратегиялық  маңызды нысанның болашағы туралы жаңа келісімдер жасалғанда  немесе  оған  түзетулер  мен  қосымшалар  енгізілгенде  еліміз  мүддесі, айқындалуы кажет.