Байқау жеңімпаздары анықталды

Байқау жеңімпаздары анықталды
almaty-akshamy.kz

Алматыда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Театр» номинациясындағы фестиваль-байқауы өтті

Театр - кез келген халықтың, әрине, соның ішінде қазақ халқының да рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы да осы – театр. Осы орайда, Педагогикалық ғылымдар академиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Театр» номинациясындағы фестиваль-байқауын өткізді.

Байқау ашық түрде ұйымдастырылды. Іс-шараға 16–29 жас аралығындағы жас таланттар қатысты. Оның ішінде, мектеп, университет жандарындағы театр ұжымдары, өнер бірлестіктері, жас театрлар да баршылық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған саңлақтар десек, артық айтпағанымыз болар. Байқауға елімізге танымал театр  майталмандары, актерлар төрелік етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында театр өнерін насихаттау, өнерге қызығушылық танытқан жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту,  жас өнертанушылар мен театр өнерпаздарынан құралған топтардың жаңа есімдерін анықтау, олардың шығармашылығын қолдау басты мақсатқа айналды.  

Аталмыш байқауда 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған  «Шаңырақ» театры иеленді. Жүлделі 2-орынды Алматы қаласындағы «ЖасАрт» өнер бірлестігі жеңіп алды. 3-орынды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің философия және психология факультетінің «Мәдени тынығу қызметі» мамандығының студенттерінен құралған  «Үркер»  студенттер театры иеленді.  

Аталған шара М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының  Кіші залында өтті.