Байқау – озық тәжірибе, үздік әдістемелермен бөлісу алаңы

Байқау – озық тәжірибе, үздік әдістемелермен бөлісу алаңы
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Байқау «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының 10 жылдығына арналады.

Астанада «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын бастауыш сынып педагогтері арасында жыл сайынғы республикалық әдістемелер байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Байқау Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы», Алматы қаласы білім басқармасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының» қолдауымен ұйымдастырылды.

Жыл сайын өткізілетін байқау бастауыш сынып оқушыларының бойында дұрыс тамақтану негіздерін қалыптастыру бойынша мұғалімдердің үздік тәжірибелерін таратуға, басқа қалалардағы әріптестерінің жұмыс тәжірибесімен танысуға мүмкіндік береді. Байқау 2013 жылдан бастап Астана және Алматы қалаларының мектептерінде іске асырылып келе жатқан «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады.

Осынау дәстүрлі байқау биылғы жылы ерекше маңызға ие болуда. Атап айтсақ, байқау «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының 10 жылдығына арналады. Білім берудегі заманауи үрдістерге, оның ішінде оқыту практикасына инновациялық педагогикалық-әдістемелерді енгізуге оңтайлы ықпал жасауды көздейтін байқауға мұғалімдердің 50-ден астам жарқын және жоғары кәсіби жұмыстары түсті. Байқауға қатысушылар бастауыш сынып оқушыларын салауатты өмір салтының негіздерімен, дұрыс тамақтанумен, сондай-ақ өз елінің аспаздық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныстырудың қызықты және тиімді тәсілдерін қарастырды.

Қалалық кезеңде (Алматы, Астана қалаларының) жүлделі орынды иеленген женімпаз ұстаздар байқаудың финалына қатысып, бақ сынады. Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша:

Бас жүлде – Камила Әбдіразақова, №119 мектеп, Алматы қ.,

 1-орын – Сахида Ахметова, №105 мектеп, Алматы қ.,

2-орын – Асемгуль Аубакирова, №4 мектеп, Астана қ.

3-орын – Саида Имирова, Алматы қ. № 78 мектеп, Қалдыгүл Атымтаева, Астана қ. №51 мектеп, Роза Арзекулова, Астана қ. №50 мектеп мұғалімдері иеленді.

Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, білім беру сапасын арттыруға жетелейтін байқаудың озық тәжірибе, үздік әдістемелермен бөлісу алаңы ретінде көмегі мол екендігін «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасының Астана және Алматы қалалары бойынша үйлестірушілері: Астана әкімдігінің әдістемелік орталығының әдіскері Роза Шаяханова, Алматы қаласы білім басқармасы ҚББЖТҒӘ орталығының бөлім бастығы Татьяна Ежова жеңімпаздарды марапаттау салтанатында атап өтті.

2013 жылдан бастап «Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып отырған Алматы, Астана қалаларының педагогтері оқушыларын дұрыс тамақтану мәдениетіне тәрбиелеуде. Бағдарлама 6-8 жастағы балаларға бағытталған және мұғалімдер өткізетін сабақтар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ол Қазақ тамақтану академиясымен және «Өрлеу БАҰО» АҚ бірлесіп әзірленді. Бағдарлама шеңберінде 60 000-ға жуық бала «Салауатты тамақтану мектебімен» танысты. Осындай еңбек нәтижесінің қорытындысы іспетті бағдарлама әдістерінің байқауы мұғалімдер арасында үлкен қызығушылық тудыруда.