Бауырлас ел тарихындағы маңызды дата еске алынды

Бауырлас ел тарихындағы маңызды дата еске алынды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бүгін, Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында өткен отырыста бауырлас түрік жұртының ұлттық әнұраны қабылданған тарихи күн аталып өтті.

Әрі, тарихи жырға арқау болған Чанаккале құрбандары еске алынды деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Бұдан 103 жыл бұрын,  1921 жылы 12 наурызда Ахмет Акиф Ерсойдың «Тәуелсіздік маршы» атты руһты жыры Түркия Республикасының ұлттық әнұраны болып қабылданған болатын. Түріктің әйгілі ақыны Ерсойдың жырына арқау болған Чанаккале оқиғасы да осы тарихи датамен бірге бауырлас түрік елінде еске алып келеді.

Еуразия ғылыми-зерттеу институында өткен жиынға Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Эврен Мүддерисоғлу қатысып, ел тарихындағы елеулі күн мен тарихи жырға қатысты сөз сөйледі. Ол «Тәуелсіздік маршы» түрік халқының мақтанышы екенін, онда халқының өткені мен бүгіні және болашақ арман-мақсаты бейнеленгенін тілге тиек етті.

Бұдан тыс жиынға Ахмет Яссауи университеті қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, Alatau-Aqparat медиахолдингінің директоры Ержан Қалымбайұлы және әл-Фараби университенінің Шығыстану факультеті аға оқытушысы Нұрат Ілияс қатысты.

Ақын Ұлықбек Есдәулет бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған тарихи жырда тұтас түркі жұртына ортақ поэтикалық сарын мен биік суреткерлік жатқанын айтып өтті. Әрі ақын Ахмет Акиф Ерсойдың өз дәуіріндегі әрбір түрік азаматының көңіліндегі айтқысы келген сөзді тап басып тапқан ақындық дарыны туралы терең толғанысын жеткізді.

Шығыстанушы Нұрат Ілияс Чанаккале оқиғасына қатысты тарихи оқиғалар туралы және Чанаккале жеңісінің Орта Азиядағы түркі елдеріне қалай әсер еткені туралы өз пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, түркі елдері арасындағы қарым-қатынастың өткені мен бүгініне қатысты жаңаша көзқарастарымен бөлісті.