Батыс Қазақстан облысында 10 елді мекен қатынассыз қалды

Батыс Қазақстан облысында 10 елді мекен қатынассыз қалды
Сурет: БҚО полиция департаменті

Батыс Қазақстан облысында жолды су шайып кетуіне байланысты Қаратөбе, Теректі және Шыңғырлау ауданында 10 елді мекен көлік байланысынсыз қалды және облыстық маңызы бар 5 жол жабылды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңірде 63 жолды су басса, соның ішінде біреуі – республикалық, алтауы – облыстық, 17-сі – жергілікті маңызы бар автожолдар. Бұл жолдарда стационарлық бекеттер орнатылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

«Облыс бойынша су тасқынынан қорғау жұмысына 703 полиция қызметкері 97 қызметтік техникамен жұмылдырылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді жалғастыруда. Ауылдарда 3 771 адам көшірілсе, соның 1 575-і эвакуациялық бекетке орналастырылып, 2 192-сі туысқандарына жіберілді. Аталған бекеттерді күзету жұмыстарына 13 қызметкер белгіленді. Эвакуацияланған 49 ауыл тұрғынынан уақытша сақтаудағы 68 азаматтық қару тәркіленді. Барлық қару полиция бөлімдерінде күзетілуде. Сондай-ақ адамдар көшірілген елді мекендерде азаматтардың мүлкін қорғауға 90 қызметкер (16 техника) атсалысуда. Соның нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау деректері тіркелген жоқ», деп хабарлады ведомстводан. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша тұманға байланысты 1 сәуір күні сағат 21.45-тен бастап республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км) және сағат 22.45-тен бастап Орал-Бузулук-РФ шекарасы (5-33 км) жолында барлық көлік түрлері үшін шектеу енгізілді. 

Су тасқыны БҚО