Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтыла ма?

Бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтыла ма?
Сурет: ашық дереккөз

Қыркүйектің 1-нен бастап 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қыркүйектің 1-нен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарлануда.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде хабарлағандай, республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында 800 теңгені құрайды.

«Осыған дейінгі жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6%-ды құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді, осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады», - деп бөлісті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.

Айта кетейік, бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр.