Алматыда биыл 1 мыңнан астам көше жарықтандырылады

Алматыда биыл 1 мыңнан астам көше жарықтандырылады
Сурет: M24.ru

Арнайы жоба әзірленді.

Алматыда 2022 жылы 1066 көшеге сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2022 жылдарға арналған «Алматы қаласының сыртқы жарық желілерін модернизациялау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында 41 магистралды көшеде ескі сыртқы жарық желілері жаңарды, жаңа бағаналар орнатылды, 15 мыңнан астам шам ауыстырылды. 

Бұл құрылғыларды ауыстыру жыл сайын электр энергиясын 20%-ға үнемдейді. 

2022 жылы 24 көшені жаңғырту жоспарланған, оның аясында 5 мыңға жуық шам ауыстырылатын болады. 

Сонымен қатар Алматыда «Шетсіз қала» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы 1423 көшеге сыртқы жарық желілері жүргізілді. Былтыр 601 көшеге (4 аудан: Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу) сыртқы жарық желілері жүргізіліп, жарық шамдары орнатылды. 

Биыл 1066 ішінара жарықтандырылмаған көшеге жарық шамдары орнатылады. 

«Қаланың аула аумақтарын жарықпен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленді. Қазіргі уақытта қаланың 486 аула аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде», - деп хабарлады әкімдіктен.