Баспанаға жаңа бағыт

Баспанаға жаңа бағыт
almaty-akshamy.kz

Елімізде көп жылдан бері ел-жұртты алаңдатып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – жастардың, жас отбасылардың баспанаға қолы жетпей жүргені. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демекші, ұлан-байтақ жері бар Қазақстанда қаракөздеріміздің  «квартирант» болып жүргені жанға батады. Бізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламалар жоқ емес. Бірақ  іс жүзінде меншігінде бір шаршы метрі жоқ қазақстандықтарды қолжетімді әрі  сапалы баспанамен қамтитын мемлекеттік бағдарламалар жоқтың қасы.

Дәл осы күйіп тұрған мәселені Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев көтерді. Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмайды. Д.Мұқаев халықтан жиналған мәліметтер мен сұраныстар нәтижесі бойынша  өзінің төрт ұсынысын айтты. 

«Біріншіден, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу. «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды.

«Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 млн теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көп балалы отбасы деп кемі 4 бала олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 3240 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаға өзгеріс қашан жасалмақ», – деп сұрады Мәжіліс депутаты. 

Екіншіден, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40%-ға жуығы, яғни әрбір үшінші жұп ажырасады деген сөз. 

«Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана - бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Жас отбасы» бағдарламасын бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай ұсынамын. Бүгінгі таңда "Отбасы банкі" тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна – 50%-ды құрайды. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудырады», – деп түсіндірді спикер.

Үшінші мәселе, «7-20-25» бағдарламасына қатысты. Депутат жоба жұмыс істеп тұр деп есеп беріп, бірақ несие беруді шектеген бағдарлама операторын сынға алды.  

«Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі, маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктердің алдында түнеуге мәжбүр болуда. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар, заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр», – деді ол. 

Төртінші мәселе,  жастарға берілетін жалдамалы пәтерлерге қатысты. Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы (2022) толық алмады. Яғни бағдарлама істеп тұрған жоқ. 

«Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ», – деп сауал жолдаған Мәжіліс депутаты баспанаға  деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қарау қажет екенін айтты.