Бакуда Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы конвенция дайындалмақ

Бакуда Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы конвенция дайындалмақ
Сурет: Түркі мемлекеттері ұйымы

Түркі мәдениеті және мұра қорының (Қор) штаб-пәтерінде тұңғыш рет құрылтайшы елдердің Сыртқы істер және Мәдениет министрліктерінің өкілдері, мәдени мұра саласындағы сарапшылар, сондай-ақ жоба жетекшілері мен ұйымның зерттеу мамандары деңгейінде кездесулер өтті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Кездесулер шеңберінде сараптамалық топтардың қатысуымен кеңестер өтті, «Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы конвенцияны» дайындау бойынша ұсыныстар ұсынылды, түркі мемлекеттері басшыларының түркі ынтымақтастығы ұйымдарының алдына қойған және «TURKTIME» бағдарламалық құжатында белгіленген міндеттері талқыланды.

Жиналысты ашқан Қор президенті Ақтоты Райымқұлова «Түркі әлемінің келешегі – 2040» аясында «Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы Конвенцияны» әзірлеу бойынша қорға жүктелген жұмыс басталғанын атап өтті.

түркі
Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Отырыстың күн тәртібіне «Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы конвенцияны» дайындау, қордың алдағы екі жылға арналған жоспарын қарау және ұйым жанынан Түркі әлемінің сәулет реставраторлары мен тарихшыларының Консультативтік кеңесін құру секілді мәселелер енгізілді.

Қатысушыларға «Түркі әлемінің мәдени мұрасы туралы конвенция» жобасы ұсынылды. Мемлекеттік органдардың өкілдері, сараптамалық топтар мен қор қызметкерлері құжатты жетілдіру және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасты.

түркі
Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Кеңесте, сондай-ақ, қорға мүше елдердің өтінімдері мен түркі әлемінің бай мұрасын ілгерілету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі жобаларды қамтитын жоба жетекшілерінің ұсыныстары негізінде қордың егжей-тегжейлі екі жылдық қызмет жоспары (Action Plan) қаралды.

Екі күн ішінде кездесулер өзара пікір алмасумен және ұсыныстарды енгізумен қатар жүрді. Айта кету керек, қор мұндай үйлестіру кеңестерін бұдан әрі де келісілген шешімдер қабылдау үшін өткізеді.

түркі
Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Еске салайық, аталмыш қор 2012 жылғы 23 тамызда Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымы президенттер кеңесінің отырысында құрылды. Қордың мақсаты түркі мәдениеті мен мұрасын сақтауға, зерделеуге және насихаттауға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды қолдау және қаржыландыру болып табылады.