Бақытжан САТЕРШИНОВ,  философия ғылымының докторы, профессор: Халық өз таңдауын жасайды

Бақытжан САТЕРШИНОВ,  философия ғылымының докторы, профессор: Халық өз таңдауын жасайды
almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау мерзімі 2023 жылғы 19 наурызға бекітілді. Бұл маңызды шара елімізді жан-жақты жаңарту мен әділетті мемлекет құру жолында билік тарапынан жоспарланған саяси реформалардың жалғасын табуын білдіреді. Өз сөзінде Президент баршаны азаматтық белсенділік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына  белсенді қатысуға шақырды.

Сайлауға қатысу мәселесі бекерден-бекер көтерілмейді, өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, азаматтардың белсенділігі, әсіресе, Алматы қаласындағы көрсеткіш өте төмен болды. Электораттың дауыс берудегі енжарлығының бірнеше себептері болуы мүмкін.

Алдымен, бұл халықтың билікке деген сенімсіздігін байқатады. Кеңес дәуірінде әміршіл-әкімшіл жүйе пәрменді идеологияның ықпалымен сайлауды мерекеге айналдырып (қазақта дүниеге келген нәрестеге Сайлау деп ат қою үрдісі шықты), «көрнекі» легитимділігін көрсету үшін барша электоратты қамтуға тырысатын. Тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл өтсе де, авторитарлық билік пен өктем бір партиялық жүйенің номенклатуралық тәсілі өзінің инерциясын ұстап қалды. Таңдау жасау үшін де лайықты балама қажет. Сайлаушының шынайы мүддесі мен көңілінен шығатын үміткердің болмауы бұл жасанды демократиялық үрдіске деген немқұрайдылық тудырады.

Кезінде католиктік империяның құрсауынан босанып шығып, өз ұлттық мемлекеттілігін шегендеу барысында батысеуропалық елдерде демократиялық сайлау жүйесі мен парламентаризм институты қалыптасты. Құқық пен мемлекеттің үздік үлгісін әкелгенімен, батысеуропалықтар Жаңа дүниені жаулап алу мен отарлау барысында түземдіктерді шұрайлы жерлерінен ығыстырып, олардың мәдениетін, тілі мен дінін нәсілдік кемсітушілікке ұшыратып, сегрегация, апартеид, геноцид құбылыстарын ұйымдастырды, олардың адами және азаматтық құқықтарын аяққа таптады. Дәстүрлі қазақ қоғамы басқа да шығыстық ұлт-ұлыстармен қатар, осы үдерістерді бастан кешірді. Патшалық Ресейдің өз империясында жүргізген отаршылдығы да батыстық колониализмнің құрамдас бөлігі болды. Және де ол КСРО тұсындағы тоталитарлық қоғамда жалғасын тапты. Сондықтан әлемдегі дамушы елдердің басым бөлігінде саяси модернизация жүзеге асқанымен, қоғамның бірқатар сегментінде метрополиядан енген жатжұрттық жаңашылдыққа тосырқап қарайтын бөтенсу бар.

КСРО құрамынан босап шыққан біршама тәуелсіз мемлекеттер атеизмнің құқайын бастан өткізді, дін ұстану бостандығына ие болған қоғамның діндарлар тобы әлі күнге дейін зайырлылықты атеизммен шатастырып, әлеуметтік қатынастардың шариғат тұрғысынан болуын қалайды. Ислам дінінің қайнар көздері – Құран мен Суннада мұсылмандардың сайлауға қатысуына қатысты тура нұсқау болмағандықтан, бұл «иджтихад» мәселесі болып саналады. Сондықтан ислам ғұламалары аталмыш мәселені сайлауға қатысудың мұсылмандар үшін пайдасы немесе зияны тұрғысынан қарастырады. Біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құрамын деген ниетте екені белгілі. Ислам дінінде «әділет – хақтың жолы» екендігін ескерсек, қазақстандық мұсылман жамағаты Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсенді қатысып, дауысын беріп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын.