Бақылаушы болуға шақырады

Бақылаушы болуға шақырады
Сурет: Қайрат Қонысбай

Алматыда «Қоғамдық пікір» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті. Онда ұйым мүшелері ел азаматтарын сайлауда белсенділік танытып, бақылаушы болуға шақырды.

«19 наурыз күні Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Бұл - біздің еліміз үшін үлкен саяси науқан. Онда арнайы аккредитациядан өткен, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары бақылаушы бола алады. Осыған орай, «Қоғамдық пікір» қоғамдық қоры өз жұмысын бастайды. Біз қоғамға өз үлесін қосқысы келетін азаматтарымызды біздің ұйымның дайындығынан өтіп, бақылаушы болуға шақырамыз. Біздің басты міндетіміз – сайлаудың әділ өтуі. Сондықтан бақылаушылар дауыс беріп жатқан бюллетеньдердің санына, сапасына дұрыстап қарағаны жөн деп ойлаймын», – деді «Қоғамдық пікір» ұйымының мүшесі, PhD маманы Әшірәлі Сманов.

«Қоғамдық пікір» қоғамдық қорының тағы бір мүшесі әрі жас ұстаз Диана Малаева бақылаушыларды арнайы дайындау арқылы жастар арасында саяси-құқықтық мәдениет қалыптастыруды мақсат ететіндерін айтты.

«Біздің ұйым өткен сайлауда бақылаушыларды дайындап, біраз тәжірибе алды. Бұл тәжірибені алдағы сайлауда да тиімді пайдалануға ниеттіміз. Біздің ұйымға жүгінген бақылаушы болуға ниетті адамдарды барлық қажетті ереже-талаптармен таныстырамыз. Негізгі мақсатымыз – жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру. Олар өздерінің міндеттерін, заңды құқықтарын білуі қажет. Алдағы сайлауда бақылаушы болу – жастарға таптырмас саяси тәжірибе», – деді ол.