Ауылдардағы азаматтық белсенділерге 500 мың теңгелік шағын гранттар беріледі

Ауылдардағы азаматтық белсенділерге 500 мың теңгелік шағын гранттар беріледі
Сурет: Steppe.com

Осы мақсатта гранттар конкурсы ұйымдастырылады.

Биыл ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына 500 мың теңгеден 50 шағын грант беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қайырымдылық пен волонтерлікті ынталандыруға және дамытуға екпін береміз. Осыған байланысты тиісті заң жобасын ұсындық. Жоба Мәжіліс қарауында, қабылдану мерзімі – 2022 жыл. Заң қабылданғаннан кейін көтермелеу квоталары көбейеді. Осылайша, жұмысқа орналасқан волонтерлер саны айтарлықтай артады», - деді министр.

Министрдің мәліметі бойынша, биыл түрлі форматтағы 20 мыңнан астам іс-шара өткізуді жоспарланған. 

«Ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына 500 мың теңгеден 50 шағын грант беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, жергілікті қоғамдастықты жұмылдыру, ауыл бастамаларын дамытуда көшбасшыларды анықтау және ауыл тұрғындарының цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған шағын гранттар конкурсы ұйымдастырылады», - деді Асқар Умаров.