Ауыл тұрғындары ел туризмін дамытуға үлес қосып жүр

Ауыл тұрғындары ел туризмін дамытуға үлес қосып жүр
Сурет: Qazaqtv.com

Welcome to Kazakhstan! Алматы және Жетісу облыстарына келетін шетелдік туристер қонақүйлерден гөрі қазақтың киіз үйіне қонғанды жөн санайды.

Осылайша еліміздің мәдениеті мен тарихын тереңірек тануға тырысады. Қазақтың тұмса табиғатын тамашалауға келген шетелдіктерге ауыл тұрындары көмектесуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін Ардақ Омарованың туристік бизнестің қыр-сырын үйреніп, қонақ үй ашқанына 4 жыл болды. Бір уақытта 18 адамды қабылдай алады. Аулаға киіз үй орнатқан. Мұнда меймандарға ет, құрт, бауырсақ, қымыз, шұбат секілді ұлттық тағамдар ұсынады. Осы жылдары қонақ үйде әлемнің 60 елінен келген туристер тоқтаған.

« 2018 жылы бастадым. 2019 жылы жақсы жұмыс жасадық. Тек қана шетелдік туристермен. 2020 жылы пандемия болып кетті ғой. Сол кезде кішкене тоқтап қалды бизнесіміз. Әлі де жалғастырамыз. Әлі де жұмыс жасаймыз. Маған өзі қонақ күткен өте ұнайды», - дейді ауыл тұрғыны Ардақ Омарова. 

«Менің мұнда келгеніме 10 күннен асты. Саяхаттан алған әсерімді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ қонақжай дегенді естуші едім, осы жолы тәнті болдым. Ұлттық тағамдарыңыздың дәмі тіл үйіреді. Ал табиғаты қандай тамаша! Жер бетіндегі жұмақ мекен десем артық айтқаным емес», - дейді Италиядан келген саяхатшы Джорджо Леони.