Ауыл шаруашылығы ғылымындағы тың жаңалық

Ауыл шаруашылығы ғылымындағы тың жаңалық
Сурет: Ertisoniri.kz

Қазақ ғалымдары жылқының жаңа түрін шығарды. 

Абай облысының Бесқарағай ауданында мамандар ұзақ жылғы селекциялық жұмыстардың нәтижесінде қазақ жылқысының «Бесқарағай зауыттық типін» шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы мал асылдандыру саласындағы ғалымдардың алғашқы жетістігі.

«Тарихқа қарап отырсақ, жылқы қазақ жерінде үйретілген. Ботай қазбасы да оны дәлелдеді. Түрікмендерде ақалтеке бар, арабтардың таза қанды тұлпары бар, Англияда таза қанды жылқы бар. Ойлана келе, қазақ жылқысының да сапасын сондай деңгейге неге көтермеске деген арман болды», - дейді шаруа қожалығының иесі Хабидолла Мұқинов. 

Қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару жұмыстары 1968 жылдан басталды. Содан бергі бірнеше буын ғалымдардың еңбегі жемісін беріп отыр.

«Егемендік алған кезден бірінші рет «Бесқарағай типі» жылқы шаруашылығында бекіп отыр. Қазақтың өзінің әр жерде шыққан типтерін қосу арқылы, жергілікті жылқыны ірілетіп, салмағын жоғарылатып. Орманды жерге бейімделген. Төлді жақсы береді», - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан. 

Шойынқара мен Байторы жылқысының тірі салмағы 700 келіге дейін барады. Құйрық-жалы төгілген құрыш тұяқтылар патенттелгенге дейін түрлі көрмелерде талайларды таңдай қақтырған. Қазір шаруашылықта жылқы саны 200-ден асады. Алдағы уақытта санын көбейтіп асылдандыру жұмыстары жалғаса бермек.