Ауғанстан алғашқы отандық автокөлік өндіргенін мәлімдеді

Ауғанстан алғашқы отандық автокөлік өндіргенін мәлімдеді
Сурет: Inform.kz

Ауғанстан өндірген халықаралық бәсекеге қабілетті әлемдегі алғашқы отандық спорттық автокөлік Mada 9 деп аталады және ол Катарда көрмеге қойылады.

Entop автомобиль дизайны компаниясының қызметкері және инженер-жасаушы Мухаммад Риза Ахмадидің айтуынша, Mada 9-ды Ауғанстанның ақпараттық технологиялар министрлігі мен Ауғанстанның инновация орталығының қаржылай қолдауымен және ықпалымен бес жыл бойы 30 адамнан құралған топ «Наувари» техникалық және кәсіптік білім орталығында жасап шығарған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл көлікті жасау үшін Ахмади «Toyota Corolla» көлігінің қозғалтқышын пайдаланған, оны жарыста қолданар алдында жаңарту қажет.

Ахмади оның өнертабысы Катардағы Doha Expo 2023 көрмесінде таныстырылады деп үміттеніп отыр.

Ол көлікке көптеген ұсыныстар алғанын, бірақ көлік сатылмайтынын атап өтті. Оның бағалауынша, машина халықаралық бәсекеге қабілетті.

«Бұл машинаның ерекшелігі - Ауғанстанда жасалған және әлемде басқа мұндай машина жоқ деуге болады. Ауғанстан соғыспен, қақтығыстармен және кедейлікпен танымал ел болды, бірақ енді мұнда осындай дүниелер де бар, - деді ол. – Екіншіден, оның дизайны бірегей, үшіншіден, автомобиль мықты және жеңіл».

«Автокөлікті сатып алуға деген қызығушылық ұлттық және халықаралық деңгейде баршылық, бірақ біз алатын ұсыныстар стандартты емес. Біз оны халықаралық нарықтағы бәсеке үшін шығардық және тиісті ұсыныстар болады деп үміттенеміз», - деді Ахмади.

Ауғанстанның кәсіптік-техникалық білім және инновациялар орталығының директоры Мавлави Гулам Хайдар Шахаматтың айтуынша, автомобильдің суреттері интернетте тараған.

Оның Ауғанстанда шығарылғанын естіген әлем таң-тамаша болған көрінеді.

Көлік әлі толық жасалып біткен жоқ және ол елдің бүкіл провинцияларында таныстырылады деп болжанып отыр.

Спорткар алғаш рет 2022 жылдың желтоқсанында алғашқы қар жауғанда көрсетілді.

Әлеуметтік желілерде спорттық көлікке «Бугаттидің ұлттық баламасы» деген атау берілді.