Ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтеді

Ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтеді
Сурет: Goo.edu.kz

Министрдің пікірінше, баланың үлгерімі мен тәртібін басқа адамдардың көзінше талқылауды тоқтату керек.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшу керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек. Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудан арылған жөн. Оның орнына жеке, топтық немесе ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді», - деп мәлімдеді Аймағамбетов аппарат жиналысында.

Министрдің айтуынша, әрбір ата-анаға мұғалімнен өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы толық ақпарат алатындай жағдай жасау қажет.

«Ол үшін ата-аналармен қарым-қатынасты жаңаша жүргізу маңызды», - деді министр.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов енді ағылшын тілі 1-сыныптан емес, 3-сыныптан бастап оқытылатынын мәлімдеді. Бұл өзгеріс биыл бірінші қыркүйектен бастап енгізіледі деген жоспар бар.