Астанада шахматтан әлем чемпионаты басталды

Астанада шахматтан әлем чемпионаты басталды
сурет:sputnik.kz

Бұл матч жаңа шахмат патшасының есімін анықтайды.

7 сәуір мен 1 мамыр аралығында елордада шахматтан әлем чемпионаты өтеді. Онда әлем чемпионы атағы үшін Ян Непомнящий (ФИДЕ) мен Дин Лижень (ҚХР) бақ сынайды. Кеше Astana Ballet театрында чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Дүбірлі дода үшін Қазақстан астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен танымал шахматшылар, халықаралық шахмат федерациясының өкілдері келді. Ян Непомнящий (2793) мен Дин Лижень (2788) ФИДЕ әлемдік рейтингінде екінші және үшінші орындарда тұр.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының және халықаралық шахмат федерациясының әнұрандары қатар шырқалды. Әсерлі қазақ музыкасы, LED-экрандағы еліміздің әсем табиғаты туралы роликтер, қазақ батырларының өнер көрсетуі бұл әлемдік оқиғаның Қазақстанда өтіп жатқанын айшықтай түсті.

Айтулы кешке Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, шахматтан әлем чемпиондары, гроссмейстерлер қатысты.

Айта кетейік, турнирдің бас серіктесі және ұйымдастырушысы – Freedom Holding Group, компания 2 млн еуро көлемінде жүлде қорын толық қамтамасыз етуде.

Бұл матч жаңа шахмат патшасының есімін анықтайды.