Ақшаны депозитке, әлде жылжымайтын мүлікке салған дұрыс па?

Ақшаны депозитке, әлде жылжымайтын мүлікке салған дұрыс па?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бүгінгідей баға тұрақсыз кезеңде ақшаның басын қалай құраған жөн?

Депозит пе, баспана сатып алу ма? Қайсысы тиімдірек. Қоғамда түйіткілі көп осы сауалдың жауабын krisha.kz мамандары іздеп көрген, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Сарапшылар есептеуге оңтайлы болу мақсатын өткен жылғы көрсеткіштерді бағыт-бағдар етіп алған. Демек, бір жыл ішіндегі пәтер құнының өзгеруі, орташа жалдау ақысы, бір жылдағы инфляция деңгейі және т.б. ескерілген. Мамандар салыстыру үшін шамамен екі бөлмелі пәтер құнына тең 25 млн теңгені алған.

Сонымен ақшаны депозитте сақтау тиімді ме?

Қазақстандағы банктерде ұлттық валютадағы депозит бойынша орташа мөлшерлеме жылына 14% құрайтынын ескерсек, өткен жылдың қаңтар айында депозитке 25 миллион теңге салсаңыз, бір жылдан кейін сыйақы 3 500 000 теңгені құрайтын еді. Бұл соманы долларға айырбастағанда (қаңтарда орташа бағам 453 теңге болды), 55,2 мың доллар болатын еді. Бір жылда 1% сыйақы мөлшерлемесі бар депозиттен (Қазақстандағы банктерде шетел валютасы бойынша депозиттің ең жоғары мөлшерлемесі) 551 доллар аласыз. Биыл қаңтардың басында доллар 456 теңге болды. Бір жылда доллардағы депозиттің пайдасы 250 000 теңгені құрайтын еді. Валюталық депозит ашқанда бағаның теңгеге қатысты өсу мүмкіндігі бар. Доллар көтерілсе, табыс та көп болар еді. Дегенмен былтыр ұлттық валюта өзін тұрақты көрсетті, жыл басында және аяғында айырбастау бағамы бірдей болды.

Ал жылжымайтын мүлікке инвестиция салу қаншалықты пайда алып келеді?

Сонымен, 25 млн теңгеге үй сатып алсаңыз, қанша пайда көресіз? Былтыр қаңтарда 25 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер алуға болатын еді. Мысалы, Астананың сол жағалауындағы эконом кластағы жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешендері. Жөндеу жұмыстарын жасаудың қажеті жоқ. Пәтерді сатып алғаннан кейін бізде екі жол бар: пәтерге ақша салмай, оны бір жылдан кейін сатып жіберу немесе жиһазға ақша жұмсап, жалға беру. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бір жылда (2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қаңтарына дейін) елордада жаңа құрылыстағы пәтерлер орташа есеппен 1,7%-ға қымбаттаған. Осылайша 25 млн теңге үстіне 425 мың теңге қосылды. Пәтерді бір жылдан кейін жарты миллион теңгеге қымбатырақ сатуға болатын еді. Ескеретін жайт, 10% мөлшерінде салық төлегіңіз келмесе, пәтерді бір жылдан кейін сату тиімді.