Анасының қолғанаты

Анасының қолғанаты
almaty-akshamy.kz

Мешіт қызметкерлері тазалықшы балаға велосипед сыйлады

TikTok-та велосипед мінген Мұратбек деген 10 жастағы баланың видеосы бірер күннің өзінде 4 млн-ға жуық қаралым жинаған. Ол кешегі Қадір түнінде көптің ықыласына бөленіп шыға келді. Қалай дейсіз ғой? Айтайық.

Мұратбектің анасы Алматының Алатау ауданындағы «Дархан» мешітінің тазалықшысы екен. Ал баласы – оның қолғанаты. «Мұратбектің анасы үнемі мешіт тазалайды. Білесіздер, иә? Мешітіміз таза болып тұратын болса, соның ішінде Мұратбектің үлесі – 50 пайыз. Тарауыққа шығып бара жатқанда үнемі көретінім – балалар шашып тастағанды осы Мұратбек жинап жүреді. Әйтпесе, өзі де ойын баласы ғой. Біз намаз оқуға кетіп бара жатқан кезде анасының шаңсорғышына су құйып алып, астына қарай түсіп келе жатады, төменді тазалау үшін. Әжетхананы да осы бала тазалап жүр. Біз намаз оқып кеткеннен кейін тағы да келіп, тазалап жүргені. Біз істей алмай жүрген нәрселерді істеп жүр. Сөйтіп, ойландық, Қадір түнінде бір балдырғанды қуантсақ деп», – деді мешіттің бас имамы Айдос Шарапатбекұлы парақшасындағы видеода.

Қадір түніне жиналған жамағаттың алдында мешіт қызметкерлері кішкентай Мұратбекке велосипед сыйлады. Баланың қуанышында шек болмады, жанарына келіп қалған жасын да жасыра алмады. Әсерлі видео астында «Алла береді бұл балаға!», «Осындай иманды ұрпақ тәрбиелеп жатқан анасына Алла жар болсын!», «Анасын ойлап жүр ғой, бауырым, өмірі ұзақ болсын!», «Көзіме еріксіз жас келіп қалды ғой», «Ниеті түзу бала екені көз жасынан көрініп тұр» деген пікірлер қалдырып жатты отандастарымыз. «Нөмірі бар ма, ақша аударсақ, сыйлық жасасақ» деген тілеулес жандар да көп болыпты.

Мұратбек – үш баланың ортаншысы. Арманы – жоғары оқу орнына түсіп, иманды жігіт болып өсіп, ата-анасын қажылыққа апару. Мешітте еден жуатын анасына қолғабыс етіп жүрген бала жай жүрмей, Құран сүрелерін жаттап жүріпті. Алланың көркем есімдерін де жатқа білетін баланың отбасы пәтер жалдап тұрады екен. Енді мешіт қызметкерлері олардың үй алуына қор ашып отыр.