Американың Монтана штатында үйлерді су шайып жатыр

Американың Монтана штатында үйлерді су шайып жатыр
Cурет: 24.kz

Мың бас ірі қара қырылып қалды

Толассыз жауын мен таудағы қардың еруінен аймақтағы өзендер тасыған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 
Соның салдарынан бүтіндей елді мекенді су басты. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.  АҚШ-тың оңтүстігі мен орталығында аптап алқымнан алып тұр. 

Флоридада сынап бағанасы 39 градусқа жеткен. Көлеңкенің өзінде байыз тауып тұру мүмкін емес. Жергілікті жұрт жаппай өзен-көл жағалап кеткен. Күннің шыжып тұрғаны сонша, оған тіпті төрт түлік те шыдамайды. Канзаста 1 мың ірі қара баудай түсті. Ал Калифорнияда суға шектеу қойылды. Жаңа ереже бойынша, тұрғындар бақшаны аптасына бір-ақ рет суарады. Синоптиктердің айтуынша, ыстықпен алысқан америкалықтарға әлі де біраз сабыр сақтауға тура келеді. Өйткені аптап апта соңына дейін жалғасады. 

Аптап Францияны да бауырына қысып тұншықтырып жатқандай. Синоптиктер ыстық бірер күнде қайтады дейді. Электр қуатының соңғы уақытта қымбаттап кеткенін ескерсек, кондиционер қосып, салқын үйде тыныстап жату екі аяқтының бәріне бірдей қолжетімді емес. Су да сондай. Себебі елдің 35 өңірінде тіршілік көзін қолдануға шектеу қойылған.