"Алтын орда" базарында тағы да шу шықты

"Алтын орда" базарында тағы да шу шықты
Сурет: ашық дереккөз
Алматы облысындағы "Алтын орда" базарында тағы да шу шықты. Бір топ саудагердің айтуынша, жаңа павильонға миллиондап қаржысын құйғанымен, басшылық ауысып кетіп, далада қалған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz КТК телеарнасы сілтеме жасап хабарлайды.

Саудагерлердің сөзінше, құрылыс қысқа дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда басшылық ауысып кетіп, жаздан бері тұралаған. Ал бұрынғы директор "алған ақшамызды қайтармады" деп отыр. 

"Біз Маржан деген кассирге бердік. Ол Данияр Әлпиевтің кассирі болады. Сол кісіге ақшаны тапсырдық. Бұл жақта 300 адам бутикке ақша құйған. Жалпы 450 бутик сатылған екен. Орташа бұл жақта 4 миллионнан құйған. Мен 23,5 миллион теңге құйдым. Әпкем 18 миллион құйды. Сол сияқты 9,8 миллион . 1 миллиард 600 миллион теңге ақша жинаған", -деп айтты кәсіпкер Әлия Көшбеспаева

Саудагерлердің көбі қазір жұмыссыз жүр. Олар "ақшамызды қайтарсын" деп, Қарасай аудандық полициясына да бірнеше ай бұрын шағымданған. Алайда "әлі нәтиже жоқ" дейді.

"Берілген чектердің бәрінің көшірмесін алып жатыр. Бірақ та прокуратурадан да, Қарасай ауданының сот орындары да ешқандай іс қозғамай жатыр. Әлпиевке қатысты. Құрылысты "Компания номер один" мойнына алып отыр. "Осы бутиктер салынса, қыздар орнын алса" деген ойдамыз", дейді кәсіпкер Райхан Айдарбаева.

Жаңа келген басшылық "құрылысты жалғастыруға қайта кірісіп жатырмыз" дейді. Бұрынғы құрылыс компаниясымен келісімшарт бұзылып, басқасымен келіскен.

"Қазір құрылыс қанша пайызға жүргізілді, қандай құрылыс материалымен істелгені туралы смета құжаттарын дайындау аяқталды. Құрылыс қолға алынып, енді бұл меншік иесінің өз қалтасынан төленіп, өзі құрылысты аяқтауға кепілдік берді",-деген уәж атты "Алтын орда" базары атқарушы компаниясының заңгері  Ізбазар Өтеулин.

Ал базардың бұрынғы басшысы Данияр Әлпиевтің адвокатының айтуынша, бұл даудың құқықтық негізі жоқ, келісімшарт біржақты бұзылған. 

"Ол ақшаның бәрі тікелей, яғни Әлпиевтің меншігіндегі "Алтын орда ню компани" компаниясы есепшотынан банк жүйесіменен "Компания номер один" ЖШС есепшотына түгел келіп түскен, яғни оны Әлпиев алып қашып кеткен жоқ. Оны тығып алып қалған жоқ. Бұл сонымен расталып тұр",-деп пікір білдірді заңгер Әлібек Алмабаев.

Саудагерлердің жазған арызы қазір Қарасай ауданы полиция бөлімінде қаралып жатыр. Алматы облысы полициясы істің тіркелгенін хабарлады. Мәселенің мән-жайын құзырлы орган анықтайды.