Алматының туристік имиджіне қауіп төніп тұр

Алматының туристік имиджіне қауіп төніп тұр
Сурет: ашық дереккөз

«Алматының туристік имиджіне қауіп төніп тұр. Туристер ынсапсыз таксистердің құрбаны болуда». Осылай деп дабыл қаққан кәсіпкерлер тиісті шаралар жүргізу керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Azattyq Ruhy-ның ақпараты бойынша, Алматы халықаралық әуежайында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қалалық басқармалардың басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу мақсаты – такси жүргізушілеріне қатысты өзекті мәселелерді шешу болды.

«Биыл Алматыға туристер көп келеді деп болжанып отыр. Осыған орай, туристік маусымда қонақтар ағынын шектейтін кез келген мәселелерді еңсеру керек. Осы мәселелердің бірі – жол ақысын асыра алатын такси жүргізушілері. Бұл әуежайда тұрақты түрде жұмыс жасайтын жүргізушілер емес, бір рет келіп, заңсыз ақша табуды шешкендер. Бұл мәселе шұғыл шешімді қажет етіп тұр», - дейді кәсіпкерлер.

Сондықтан жиында қонақүйлер мен басқа да туристік орындарда ақпараттық анықтаманы тарату қажет деген қорытындыға келді. Яғни, шетелдік қонақ такси жүргізушісімен кикілжіңге тап болса, тиісті анықтама арқылы кімге хабарласып, қалай арыз жазу керек екенін білетін болады.

Айта кетерлігі, Алматы әуежайында шетелдік азаматтардың алдынан кесе көлденеңдеп шығып, өз қызметін мәжбүрлеп ұсынатын, онымен қоймай, жолақы үшін ойға қонымсыз ақша сұрайтын такси жүргізушілеріне қатысты деректер жиі жарияланып жатыр. Мәселен, күні кеше ғана шетел азаматтарын жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.