Алматының Алмалы ауданында 20 км-ден астам жол жөнделді

Алматының Алмалы ауданында 20 км-ден астам жол жөнделді
Сурет: ашық дереккөз

Жолды жөндеу және жол инфрақұрылымын дамытудың одан арғы жоспары жайлы ӨКҚ брифингінде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев айтып берді. 

Алмалы ауданының басшысы жолдарды орташа жөндеу аясында ұзындығы 24,2 км 16 көшені жөндеу жоспарланғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бүгінгі таңда ұзындығы 22 км-ден асатын 14 көше бойынша жұмыстар аяқталды. Қараша айының соңына дейін Радостовец және Чайковский көшелерінде жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, ауданда тротуарларға ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 14 мекенжай бойынша 6,1 шақырымнан астам тротуарларды қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізілді.

«Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі кезең аясында 29 мың м2 жол ағымдағы жөндеумен қамтылды», - деп толықтырды А. Жақыбаев.

Аудан аумағында ұзындығы 170 км-ден асатын 110 көше бар, оның ішінде магистральдық маңызы бар 35 көше, аудандық маңызы бар 30 көше және жергілікті маңызы бар 45 көше.

Үшінші кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның шеңберінде 10 мың м2 жолды жөндеу жоспарлануда. Осылайша, ауданның жолдарын ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы көлемі жыл соңына дейін шамамен 40 мың м2 құрайды.

Сонымен қатар, 13 көше бойында 19 мың м2 техникалық тротуар салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Ганди саябағының айналасындағы Жароков және Жамбыл көшелері бойынша жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, Желтоқсан, Наурызбай батыр, Құрманғазы, Шевченко, Мақатаев, Мәметов сияқты алты көше бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі өз сөзінде көшелер мен тротуарларды су басудың алдын алу үшін арық желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар ұзындығы 10 км-ден астам учаскелерде аяқталды: Манас көшесі; Шевченко көшесі; Волховская көшесі; Құрманғазы көшесі; Лихачев көшесі; Түркебаев көшесі; Қабанбай батыр көшесі және т. б.

«Алмалы ауданында 219 шақырым арық желісі бар. Проблемалық 23 арықтың 2-уі қалды,олар: Райымбек көшесі 1, Механическая көшесінің қиылысы және Мақатаев көшесі 1, Шәріпов көшесінің қиылысы. Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы 52 көше бойынша 42 км арық желілерін салу және қайта жаңарту бойынша жоба әзірледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін 2 км аяқталады, қалған 29 км 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда», - деп қорытындылады А. Жақыбаев.