Алматылық дәрігерлер күн сайын 20 мың адамға дейін екпе жасай алады

Алматылық дәрігерлер күн сайын 20 мың адамға дейін екпе жасай алады
Сурет: 24.kz

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте індетті бақылауға алып, коронавирустың кез келген нұсқасын тек вакциналау арқылы ғана тоқтатуға болатынын айтты.

Басқарма басшысы вакцина науқанын тездетуге шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Нариман Табынбаевтың айтуынша, бүгінде Алматыда ауру мен өлім саны тым жоғары. Сондықтан өз денсаулығыңызбен жақындарыңыздың амандығы туралы ойлану керек. Сонымен қатар мегаполисте екпе пунктерінің кең желісі ашылған.

«Күн сайын 15-20 мыңға дейін екпе алуға мүмкіндік бар. Екпенің бірінші компонентін 685 710 адам, екінші компонентін – 446 906 адам алды. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 1 миллионнан астам қалалықтар қамтылу қажет», – деді ҚДБ басшысы.

Нариман Табынбаев мұғалімдердің белсенділігін айтты. Бүгінде Алматыда педагогтардың 100%-ы екпе алған.

«Жоғары оқу орындарында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Алайда студенттерді иммундау әлсіз жүріп жатыр. Студенттерді вакцинамен қамту жалпы санының 28%-ын ғана құрайды. Айта кетсек, вирустың жаңа «дельта» штамы жастар үшін өте қауіпті», – деді Нариман Табынбаев.

Екпеге қарсы қала тұрғындары бұрынғыша «қауіпті аймақта» қалып отыр, олар қауіпті «дельта» КВИ штамын жұқтыруы мүмкін.