Алматыда 23 инфекциялық стационар ашылды

Алматыда 23 инфекциялық стационар ашылды
Сурет: Kdc.clinic

Қалада ковидтік стационарларда орындардың жеткілікті қоры жасалды, олардың саны 8 есеге өсті.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

Егер жаздың басында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы аясында мегаполисте 4 инфекциялық стационар жұмыс істесе, қазір олардың саны - 23. Алматыда госпиталь мен ауруханаларды ковидтік стационарларға қайта бейіндеу тәжірибесі бар.

«Шілде айының басында коронавирус инфекциясының үшінші толқыны төмендеген кезде, бізде 160 төсегі бар Байзақов инфекциялық стационары, сондай-ақ 500 төсек-орны бар И. С. Жекенова атындағы жаңа аурухана және оның 280 төсек-орны бар Саялы ықшамауданындағы филиалы, сондай-ақ Молл-Апорт аумағындағы 300 орындық балалар ауруханасы жұмыс істеді. Біз қиындықты еңсере алдық, енді жұқтырушылар санының орасан өсуі мен төртінші толқынның басталуы аясында бірқатар басқа инфекциялық стационарларды кезеңмен іске қоса бастадық. Қазір олардың саны – 23», – деді Нариман Табынбаев.

Іске қосылған инфекциялық стационарлардың ішінде: пульмонология бөлімшесі, орталық қалалық аурухананың барлық алаңдары, 1-ші қалалық клиникалық аурухана, жедел медициналық көмек көрсетудің қалалық ауруханасы, кардиологиялық орталық, Халық Арена, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің госпиталі, ТЖ ауруханасы және басқалары бар.

ҚДБ басшысы қазірдің өзінде 7 мың инфекциялық орын дайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, резервте 3 мың орын бар. Егер жағдай қиындаса, тағы 2 мың резервтік орын ашылады.

Нариман Табынбаев бүгінде 6400 орынның 3 827 орны қамтылғанын атап өтті. Науқастардың арасында 239 бала бар. Ауруханаларда 114 аса науқас өте ауыр және 956 науқас ауыр жағдайда жатыр.

Инфекциялық стационарларда 500 реанимациялық орын бар. Науқастармен толығуы - 52%. 29 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған, инвазивті емес ӨЖЖ аппратында - 105 адам, High Flo аппаратында - 99 науқас.

Алайда ковидтік аурухана науқасы болмау үшін жедел вакциналану, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау және адам көп жиналатын орындарға бармау қажет.

Дәрігерлерге жүктеменің артуы аясында халық арасында ПТР-тестілеу саны артты. Алматыда бүгінде 15 700 тестілеуді жүргізетін 28 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Зерттеулер санын 27 000-ға дейін арттыру жоспарлануда.