Алматылықтар спортпен шұғылдануды жақсы көреді – Премьер-Министр

Алматылықтар спортпен шұғылдануды жақсы көреді – Премьер-Министр
Сурет: Ашық дереккөз

Дене шынықтырумен айналысатын адамдар саны артып келеді

Премьер-Министр Алматыдағы сапары барысында қайырымдылық бастамасы аясында салынған «CHAMPION» жаңа спорт кешеніне барды. Онда бассейн, ойын және спорт залдары, бес фитнес аймақ, кафе бар. Спорт кешені күніне 700 адамға дейін қызмет көрсете алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Жоба әртүрлі форматтағы жаттығулар мен жарыстарды өткізу, сондай-ақ ниет білдірушілердің барлығына, әсіресе, әлеуметтік осал топтағы балаларға спортпен шұғылдануға мүмкіндік беру үшін іске асырылды.

Әлихан Смайылов мұндай әлеуметтік жобаларға жеке инвестициялар тарту аса маңызды екенін атап өтті, өйткені бұл Алматыны салауатты өмір салтын ұстанатын қала ретінде нығайтуға үлес қосады.

«Алматылықтар спортпен шұғылдануды жақсы көреді. Жылдан-жылға жалпы дене шынықтырумен айналысатын адамдар саны артып келеді. Бұл үрдісті қолдау керек. Әкімдік ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға да назар аударуы керек. Олар үшін салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде спортпен шұғылдану және оңалту үшін барлық қажетті жағдай көзделуге тиіс», — деді Премьер-Министр.