Алматылық волонтерлер Абай облысында зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинауды бастады

Алматылық волонтерлер Абай облысында зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинауды бастады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Гуманитарлық көмекті жинау жұмысына 30-ға жуық ірі волонтерлік ұйымдар кіріскен. Осы кезге дейін 300 келі гуманитарлық көмек жиналыпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Волонтерлер гуманитарлық көмекті жинауда алматылықтардың ерекше белсенділігін атап өтті. Гуманитарлық көмекті жинау туралы хабарлама хабарлана салысымен волонтерлерге бұл қайғылы жағдайға бей-жай қарамайтын көптеген тұрғындар келіп, өз көмектерін ұсынған. 

«Абай облысындағы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Осыған байланысты Алматы қаласының еріктілері мен волонтерлік ұйымдары бірлесіп, гуманитарлық көмек жинау қорын ұйымдастырды. Дейтұрғанмен, бұл істе ең алғашқылардың бірі болып біздің тұрғындар бастама көтерді. Бізден көптеген тұрғындар шығып, көмек қолын созуға тілектестіктерін білдірді. Қазіргі уақытта Абай ауданының жергілікті тұрғындары, сондай-ақ, қызмет мамандары алғашқы қажеттілік заттарымен толығымен қамтамасыз етілген. Біз Семейдегі бас штабпен үнемі байланыстамыз және қосымша қажетті заттар тізімін алып отырамыз», - деді «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева.

Ірі волонтерлікк қозғалыстар қатарында «Қазақстан еріктілерінің лигасы» ҚҚ, «QAMQOR CHARITY» ҚҚ, «Lider.kz» ҚҚ, «Медицина жастары» РҚҚ және т.б. бар. 

Алматыда гуманитарлық көмек жинау пункті 12 маусымда жұмыс істей бастады. Волонтерлер бірінші кезекте қажет болатын азық-түлік пен заттарды қабылдап жатыр. 

«Біз көмекті кестеге сәйкес, таңғы 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылдаймыз. Біздің штабта 20-дан астам волонтер  жұмыс істейді. Соңғы екі тәулікте 300 келіден астам гуманитарлық көмек жиналды. Олардың арасында 8500 дана респираторлық масканы біздің «Lider.kz» волонтерлік ұйымы берді. Сонымен бірге, дәрі-дәрмек алынып, үйге, жаңа туған сәбилерге қажет заттар, жеке бас гигиенасына қажет заттар да алынды. Бұл - бір күн ішінде жиналған көмектің көлемі. Біз штаб жұмысын әлі де жалғастырамыз. Абай облысында болған қайғылы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды», - деп бөлісті волонтер Абзал Әріпов.

Атап өтетіні, волонтерлер қаржылай көмекті қабылдамайды. Қалағандар бірінші кезекте қажет болатын азық-түлікті (консервілер, макарон және басқалары) жинап, бір рет қолданатын ыдыс, қуаттау құралдары, жеке бас гигиенасына қажет заттар, су және т.б. жинау пункттеріне әкелулеріне болады.

Қазір тұрғындарды, кәсіпкерлерді осы жұмысқа тарту үшін ақпараттық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жалпы осы аптаның соңына дейін жиналған көмектің алғашқы жүгін жіберуді жоспарлап отырмыз. Көмек қажеттілігіне қарай жиналады. Бұған дейін жиналған қорлар тәжірибесі көрсеткендей, көмек жинау бір аптаға дейін жалғасады және одан кейін қажеттілігі азаяды. Одан кейін де көмек қажет болса, біз жұмысты жалғастырамыз», - деді Б.Анарбаева. 

Волонтерлердің қатарына қосылғысы келетіндер немесе гуманитарлық көмек жинауға атсалысқысы келетіндер Байтұрсынов көшесі, 22, 1-корпус, 1-қабат мекенжайы бойынша Алматы волонтерлерінің фронт-кеңсесіне жолығуына болады. Немесе +7 747 821 64 78, +7 747 540 01 40, +7 771 625 77 76 сall-орталықтарының нөмірлеріне хабарласа алады.