Алматылық суретші бір уақытта алты адамның кескін-келбетін сала алады

Алматылық суретші бір уақытта алты адамның кескін-келбетін сала алады
Cуреттер видеодан алынды

Алматылық Әсел Сабыржанқызы - қарындашпен сурет салудың хас шебері.

Ол бір уақытта алты адамның кескін-келбетін сала алады. Әсел танымал азаматтар мен тарихи тұлғаларды, бір уақытта қағаз бетіне түсіріп, көптің көзіне түсіп жүр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Жас суретші Әсел Сабыржанқызы әлеуметтік желіде Ассоль есімімен танымал. Оның таңғажайып таланты 12 жасында-ақ байқала бастапты. Көркемсурет шебері өнер колледжі мен университетін тәмамдаған. Әсел тапсырыспен сурет салып, табыс табады екен. Суретшінің сүйікті жанры – портрет.  

«Мені адамдар шабыттандырады. Тарихи тұлғалар және батыр бабаларымыздың портретін салуға тырысамын. Сонымен қатар, заманауи суретті де саламын. Бүгінгі күннің танымал азаматтарын замандас суретшілері кескіндеуі керек», - дейді суретші Әсел Сабыржанқызы.

Әсел 5 жылдан бері гиперреализм жанрында шеберлігін шыңдап келеді. Себебі фото сияқты қанық суреттерге деген сұраныс жоғары екен. Үнемі шеберлігін шыңдауға құмар қыз жақында жаңа деңгейге жеткен. Енді ол алты қарындашпен бір уақытта алты адамның портретін сала алады.

«Мен әр суретке 2 секунд шамасында уақыт бөлемін. Яғни, әр суретке 2 секундтан назар аударып отырамын. Сонымен кезек-кезегімен сала беремін. Одан кейін аяқпен сурет салу басталады. Бірінші сол аяқ, одан кейін оң аяқпен жұмыс жасаймын. Алты сурет осылайша салынады», - дейді суретші. 

Әсел өзінің шығармашылық жұмыстарын әлеуметтік желіде жариялап отырады. Жас суретшінің ендігі мақсаты - шеберлігін шыңдап фотодан айырмашылығы мүлдем аз суреттер салу.