Алматылық дәрігерлер жүкті әйел жатырынан ірі ісікті алып тастады

Алматылық дәрігерлер жүкті әйел жатырынан ірі ісікті алып тастады
Сурет: Surgery-first.ru

Осылайша дәрігерлер анасының да,  құрсақтағы сәбиінің де өмірін сақтап қалды.

Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жүктіліктің 20-аптасында әйелдің жатыр түтікшесіндегі өте үлкен ісікті алып тастады.

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 жастағы пациент ауруханаға «аналық безі кистасы» деген диагнозбен түскен. Ісіктің диаметрі 35 сантиметрге жетіп, көлемі 9 айлық жүктілікпен теңескен.

Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Алмат Қоңырқұлжиновтың айтуынша, дәрігерлер мұндай үлкен кистаны бұрын-соңды кездестірмеген.

Тәжірибелі хирургтер ісік көлемі ірі болғандықтан, лапаротомиялық операция жасау туралы шешім қабылдады. Ота кезінде кистадан 10 литрге жуық сұйықтық алынған.

«Операция сәтті өтті. Дәрігерлер әйелдің репродуктивтік органдарын ғана емес, іштегі нәрестені де сақтап қалды. Қазір олардың өміріне төнген қауіп толығымен сейілді», - дейді Алмат Қоңырқұлжинов.

Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды.