Алматылық дәрігерлер жаңа әдіспен күрделі ота жасады

Алматылық дәрігерлер жаңа әдіспен күрделі ота жасады
www.rsm.ac.uk

Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері интраоперациялық нейромониторинг жүйесінің көмегімен тұңғыш рет ерекше ота жасап, жұлындағы қатерлі ісікті алып тастады. Жоғары технологиялы операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Аурухананың нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Марат Алматовтың айтуынша, аталған әдіс операция кезінде пациенттің жүйке жүйесін зақымданудан барынша қорғайды. Сонымен қатар, нейрохирургтің ота барысында жасалатын манипуляцияларды бастан-аяқ бақылап отыруына мүмкіндік береді.

«Операция алдында біз науқастың бұлшық еттеріне және организмнің функционалдық маңызы бар аумағына арнайы электродтар орнатамыз. Кейін оларды интраоперациялық нейромониторинг жүйесіне қосамыз. Сол арқылы операция барысын толық бақылауда ұстаймыз. Бұл жүйе манипуляция барысында жүйке жүйесінің зақымдануына жол бермейді», - дейді дәрігер.

Жоғары технологиялы операция науқастың 6 және 7-ші омыртқа бөлігіне жасалды.

«Екі сағатқа созылған ота сәтті өтті. Пациенттің қалыпты өмірге қайтып оралуға толық мүмкіндігі бар. Айта кетейін, жұлындағы ісік салдарынан жүйке қызметі бұзылады. Әдетте, аяқ-қолда әлсіздік пайда болады, сезімталдығы жойылады, жамбас пен жыныстық органдардың функциясы бұзылады», - деді Марат Алматов.

Жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялардың ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленеді.