Алматыдағы Жетісу шағынауданында жол белгілері қойылды

Алматыдағы Жетісу шағынауданында жол белгілері қойылды
Сурет: Adyrna.kz

Әуезов ауданы тұрғындары қала әкімімен кездескенде өтініш айтқан еді

Жолдағы қауіпсіздікке алаңдаған көпшіліктің өтініші көп күттірмей шешілді. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданы тұрғындарымен жүздесуі кезінде көтерілген біршама мәселенің түйіні тарқалып келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Әуезов ауданының тұрғындары мамыр айында өткен кездесуде жол қауіпсіздігіне алаңдаған еді. Кіші Саин деп аталатын көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес. Көлік жүргізушілері өзі де тар жолға 2 қатар етіп темір тұлпарларын қаңтарып қояды. Онымен қоймай, жылдамдықты асарады деп шағым айтқан болатын. Кесірінен амалы таусылған халық барар жеріне №31 үйдің ауласы арқылы шығады екен. Тап сол кездесу кезінде шаһар басшысы аудан әкімдігі мен қалалық мобилділік басқармасына комиссия құрып, мәселені шешуді тапсырды.

«Әуезов ауданы тұрғындары қала әкімімен кездескенде өтініш айтқан еді. Атап айтқанда, Жетісу шағынауданы, Тастақ-1 шағынауданынан жол белгілерін орнату, жол қауіпсіздігін сақтау. Қазіргі таңда Алматы қаласы мобилділік басқармасымен бірігіп, аталған мәселелер оң шешімін тапты. Жол белгілері орнатылды. Жетісу шағынауданында 3 жол белгісі және жылдамдықты азайту белгісі 2 жерге қойылды», – деді Әуезов аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Әсет Жапақов

Әуезов ауданында Тастақ -1 шағынауданында да тура осындай мәселе. Төле биден бастап Шымболатов көшесіне дейінгі аралықта тоқтауға болмайды деген жол белгісі орнатылды. Сондай-ақ жүргізушілерге көліктерін қоюға болмайтынын ескертетін жолақ та сызылды. Өйткені темір тұлпар тақымдағандар тар көшенің екі жағына да көліктерін қойып кететін. Нәтижесінде өрт сөндіру мен жедел жәрдем қызметі өте алмай қиналады екен. Енді бұл мәселе де шешілді. Аудан әкімдігі көпті мазалаған өзге де сұрақтардың шешілуіне атсалысып жатыр.