Алматыдағы жел электр станциясы тамыз айында жұмыс істей бастайды

Алматыдағы жел электр станциясы тамыз айында жұмыс істей бастайды
Сурет: Inform.kz

Станция жылына 225,7 млн кВтс электр энергиясын өндіретін болады.

Алматы қаласынан 140 шақырым қашықтықта салынып жатқан қуаты 60 МВт жаңа жел электр станциясы биылғы тамыз айының басында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, станция жылына 225,7 млн кВтс электр энергиясын өндіретін болады. ЖЭС салу және іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнын басады.

«Энергетикалық нысан Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Шелек дәлізінде салынып жатыр. Мұнда желдің орташа жылдық жылдамдығы – 50 метр биіктікте секундына 7,8 метр, ал ағынның тығыздығы – 310 Вт/м2. Болашақта ЖЭС қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру жоспарлануда», - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Жобаның жалпы құны – 37,4 млрд теңге. Оны «Самұрық-Энерго» АҚ қазақстандық электр энергетикалық холдингі «Power China» корпорациясымен серіктестікте іске асыруда.