Алматыда «Абызға айналған Асанәлі» атты көрменің ашылуы өтті

Алматыда «Абызға айналған Асанәлі» атты көрменің ашылуы өтті
Сурет: Inform.kz

Көрмеге әртістің жеке заттары мен фотоқұжаттары қойылған.

Қазақстанға Еңбегі сіңген өнер қайраткері, Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығы қарсаңында «Абызға айналған Асанәлі» атты көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Мәдени шарада өнер майталманының жеке заттары мен фотоқұжаттары, достары мен әріптестерінен келген сыйлықтары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Асанәлінің замандастары мен өнер иелері және қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

«Жалпы, қазақ – сөзі ұзын халықпыз ғой. Қазіргі уақытта сөздің таусылғанын байқап жүрмын. Өйткені соңғы 15-20 жылдың көлемінде Асанәліні айтыстың төріне отырғызып, төраға деп... Әр жерде таныстырған сайын Асанәлінің әр сипатын айтамын деп сөзім таусылды. Өзіңді-өзің қайталай бермейсің ғой», – деді ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Асанәлі өзі сомдаған кейіпкерлерін таудай таланты арқылы асқан шеберлікпен ойнап, көрерменнің шынайы ықыласына бөленген жан. Оның бұл қасиеті көркемдік әлемінің өзгелерден ерекше, шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін көрсетіп тұр.

«Біздің театрымызда, құдай қаласа, Асанәлінің туған күні - 8 мамырда алғаш рет жаңа жанрда интерактивті спектакль дайып жатырмыз. Оған еліміздің көрермені қатысатын болады. Сол кезде де баршаңызбен қауышамыз деп ойлаймын», – деді М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.