Алматыдағы жаңартылған ХҚКО-да Мемлекеттік корпорацияның инновациялық жобалары таныстырылды

Алматыдағы жаңартылған ХҚКО-да Мемлекеттік корпорацияның инновациялық жобалары таныстырылды
Суретті түсірген - Д.Исаев

1 шілдеде өткізілген Алматыдағы жаңартылған ХҚКО-ның ашылу салтанатына ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин қатысты. Алматыдағы жаңартылған ХҚКО Медеу ауданы,Марков к-сі, 44 мекенжайында орналасқан, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

 «Жыл сайын біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңарту мақсатында көптеген заманауи жобаларды енгізіп, қалыптасқан ескі модельден арылудамыз. Біз Президенттің қаулысы бойынша 2024 жылдың соңына дейін Мемлекеттік корпорацияның 115 фронт-офисін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Біздің басты міндетіміз - азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту. Алматыдағы жаңартылған ХҚКО-да қызмет алушылар мен қызметкерлерге қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған», - деп атап өтті, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңселері мен қарапайым ХҚКО арасындағы басты айырмашылық - ол жаңа жабдықтар мен мемлекеттік қызмет көрсету саласында заманауи тәсілдерді қолдану. Жаңартылған ХҚКО-да жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз және кеңсе техникасы ауыстырылды. Бизнес-процестерді жақсарту және қызмет көрсету уақытын қысқарту мақсатында минутына 30 бетке дейін басып шығаруға мүмкіндік беретін жаңа көпфункционалды құрылғылар орнатылды.

«Біз үшін әрбір клиенттің қолайлы жағдайда қызмет алуы маңызды. Астанада Керей Жәнібек хандар к-сі, 4 мекенжайы бойынша орналасқан Цифрлық кеңсені ашу барысында көптеген әдістерді қолданып, оң тәжірибиеге ие болдық. Енді оңтүстік астанада тағы бір ХҚКО жаңартылды. Әдеттегі көрсетілетін қызметтерден басқа мұнда Мемлекеттік корпорацияның инновациялық жобалары ұсынылған. Олардың бірі - тәулік бойы жұмыс істейтін 33 ұяшықты постамат. Бұл технологияның арқасында азаматтар дайын құжаттарды өздеріне ыңғайлы уақытта ала алады. Сондай-ақ, біз ҚР ІІМ-мен бірлесіп Алматы қаласының ХҚКО-сында төлқұжат пен жеке куәлікке өтініш беруге болатын құжаттау терминалын іске қостық», - деді, Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Айта кетейік, жаңартылған ХҚКО-да азаматтардың қолайлығы үшін барлық жағдай ойластырылған. ХҚКО арнайы бірнеше секторларға бөлінген. Мәселен, байланыс аймағында клиенттер қызметтерді өз бетінше ала алады. Сонымен қатар, бұл аймақта ХҚКО қызметкерлері азаматтарға смартфондар арқылы қызмет алу дағдыларын үйретеді. Жылдамдық аймағында азаматтар қызметтерді 10 минут ішінде ала алады. Сондай-ақ, әлеуметтік қызметтер көрсету, құжаттарды алуға өтініш қабылдау және дайын құжаттарды беру секторы бар. Кішкентай келушілер үшін ойын залы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға пандус және қызмет көрсету үшін жеке сектор қарастырылған.

Бүгінгі таңда Алматыда 13 ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейді. Жыл басынан бері қала тұрғындарына бір жарым миллионға жуық қызмет көрсетілді. Жаңартылған ХҚКО-ға күніне 3 мыңға жуық қызмет алушы келеді деп күтілуде.