Алматыдағы арықтар мен нөсер кәріздері жаңартылмақ

Алматыдағы арықтар мен нөсер кәріздері жаңартылмақ

Су шаруашылығы жүйесіне талдау жүргізілді.

Алматы көшелерін жауын-шашын кезінде су басып кететіні белгілі. Осы мәселені шешу үшін арық желілерін, нөсер кәріздерін салуға және жаңартуға жобалық-сметалық құжат әзірленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қалалық жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаевтың айтуынша, су шаруашылығы жүйесіне талдау жүргізілді.

«Жауын-шашын кезінде ағынды сулардың 90%-ы арық желілері, жолдар арқылы өтіп, ары қарай өзендерге құяды. Тек 10%-ы ғана коллектордың арнайы су бұру арналарына түседі. Өкінішке орай, қазір 16 коллектордың 4-еуі ғана жұмыс істеп тұр. Сол себепті, жауын-шашын кезінде Абай даңғылынан төмен 56 көшені су басады. Әсіресе, Райымбек даңғылының бойын, Алматы-2 вокзал аумағын» , - деді ол.

Сондай-ақ, қаланың арық желілері мен коллекторлары бірыңғай жүйеге қосылмаған. Ал, арық желілері мен нөсер кәріздерін жаңадан салу және жаңарту қажет.

«Жобалық-сметалық құжат үш бөліктен тұрады. Бірінші - батыс бөлікте, яғни Наурызбай, Алатау, Әуезов аудандарында жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Орталық бөлігі - Бостандық, Алмалы және Жетісу аудандарында жұмысты әлі бастаған жоқпыз. Себебі, ЖСҚ-ға түзетулер енгізілуі керек. Түзетулерден соң арықтар коллекторлармен байланыстырылады, осылайша арық сулары ары қарай Есентай өзеніне ағатын болады. Сол арқылы көшені су басу мәселесі 80%-ға шешіледі деген жоспар бар. Ал қалған 20%-ын шешу үшін қаланың төменгі бөлігіндегі арықтарды қалпына келтіріп, ағын суларды қолданыстағы коллекторларға жібереміз. Барлық арық жүйелері қолданыстағы коллекторларға қосылады. ЖСҚ бойынша олар қалпына келтіріліп, бірыңғай оператор «Эко Алматы» мемлекеттік кәсіпорнына беріледі» , - деді Серік Әділбаев.

Аталып өткендей, ЖСҚ-ға қаражат бөлінген жағдайда, бұл жұмыстар жыл соңында басталып, келесі жылы аяқталуы тиіс.

Бұған дейін Алматыда су басудың алдын алу және жою үшін арық желілері мен өткелдерін тазарту жұмыстары жүргізілгені жазылған.