Қазақы пайым. Аптап ыстықтың беті қайтты

Қазақы пайым. Аптап ыстықтың беті қайтты
on-desktop.com

Алтын күз есік қағып тұр. Арагідік жаңбыр жауып, қоңыр жел, салқын самал соғатын кез басталды.

Алдымызда күздің басы – қыр­күйек айы. Ол алты айдан тұратын суық айлар легінің алғашқысы. Осы айда аптап ыстық басылып, мал тойынып, егін, бақша өнімдері толық піседі, шаруаның ала дорбасына түседі. Тәжірибеден көріп жүргеніміздей, әрбір айдың басы, ортасы және соңы өзгеріссіз болмайды. Осы негізге сүйенсек, алдағы 3-4 күннің көлемінде жауын-шашын болуы әбден мүмкін. Жаңбыр соңы қайтадан шуақты күндерге жалғасады.

Алда «Мизам шуағы» бар. Кө­некөз адамдардың: ««Мизам шуағы» келмей, күз басталмайды, күн суытпайды» деген болжамы бар. Аптаның соңына қарай қыркүйек айы басталады. Күздің алғашқы айы. Бұл ай атауы мал шаруашылы­ғына байланысты шыққан. Ол ту­ралы кезі келгенде айтамыз, аман­дық болса.

5 жұлдыздан тұратын Таразы шоқжұлдызы тамыз айының соңы­нан мамыр айының ортасына дейін аспан төрінде көрініп тұрады. Бұл шоқжұлдыз төрт түліктің жайымен жиі көшіп-қонып отырған халқы­мыздың жыл маусымдарын, әр айда туатын амалдарды біліп, соған қарай қам-қарекет жасауына игі ықпал еткен. Бабаларымыз жылды 12 айға бөлгенде, алғашқы алтауын (наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз) жылы маусымға, екінші алтауын (қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан) суық маусымға жатқызған. Қазір жылы маусымның соңғы күндері ғана қалды, ары қарайғы кезек – суық маусымдікі. Мұны қазекем өліара шақ деп атаған. Алдағы мезгілдердің (күз, қыс, көктем) қандай болатыны осы өліара шақта­ғы табиғат құбылыстарына байла­нысты болмақ. Айталық, өліара шақ жауын-шашынды болса, қыс бо­ранды болады. Шолпан жұлдызы таңертең туса, қыс шаруаға қолай­лы болып, көктем ерте шығады, т.б.

Қазір өткен жолы сөз еткен "сарша тамыз" амалы (20–25 тамыз аралығында) бүгін бітті. Бұл – та­мыздың соңы деген мағынаны білдіреді. Шөп сабағы сарғайып, кейбірі қурай бастайды. Алда "ма­сақ" амалы бар. Ол мизамның 15 жаңасына дейін жалғасады. Ары қарай егін, бақша өнімдерін жинау, қошқарға және еркек тоқтыға кү­йек байлайтын «күйек» амалы ке­леді. Күздің қарбаласы басталады. Егіні жиналып алынған атызға мал жайылады, кәрі-құртаң, бала-шаға масақ тереді. Қарт кісілер егінші­ден кеусен сұрайды. Егін бітік болған жылы кеусенді керсен-кер­сенімен таратады.

«Таразы туса, таң салқын, би­дай, тары піседі» деген мақалдың айтылған мерзімі келді. Себебі, Та­разы жұлдызының тууы шілденің соңындағы жеміс-жидек пен егіннің пісетін кезіне тура келеді. Ал Сүмбіленің тууы тамыздың соң­ғы жартысы мен қыркүйектің бас­тапқы кезіне тура келеді. Осы кезде шөп пісіп, шық түсіп, жылқы малы­ның шыбын-шіркейден жаны жай тауып, қоң жинап, қоңыр күздің келе жатқан нышаны байқалады.

Бүгін григорианша - тамыздың 25-і, ай бойынша – 27-сі, қазақша – айдың 10-шы жұлдызы. Апта ай­дың соңы мен басына сәйкес кел­гендіктен де, аспанды бұлт торлап, аздаған жауын-шашын болуы ға­жап емес. Бірақ ол ұзаққа бармай­ды. Шуақты күндер әлі алда жеткілікті.