Алматыдағы Әскери-техникалық мектептің курсанттары сырқат балаларға көмек көрсетті

Алматыдағы Әскери-техникалық мектептің курсанттары сырқат балаларға көмек көрсетті
Сурет: Gov.kz

Шараға 19 курсант қатысты.

Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі Алматы филиалының ұжымы «Өмір сүруге үміт сыйла» акциясын ұйымдастырып, оқу орнының тәрбиеленушілері ауыр сырқат балаларға өз еріктерімен қан тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Акцияға 19 курсант қатысып, медициналық тексеруден өткеннен кейін 7 500 миллилитрден астам қан тапсырды.

«Донор болу – азаматтық парызым. Оның тіпті денсаулыққа да пайдасы зор. Денсаулығым жақсы, салауатты өмір салтын ұстанамын. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Егер мен тапсырған қан біреудің өмірін аман алып қалуға жараса, мен оған шын жүректен қуанамын», – деді мектеп курсанты Жарымхан Дастан.

Ұйымның қайырымдылық қызметінің мақсаты – үздік дәстүрлерді, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және дамыту, өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанды сүюге тәрбиелеу, адамгершілік пен мейірімділікке баулу.

Осындай игі істер әскери-техникалық мектептің дәстүріне айналды. Донорлық қан тапсыруға жүйелі қатысудан басқа мектеп тәрбиеленушілері ардагерлерге қамқорлық жасау және әскерге шақырылуға дейінгі жастармен кездесулер өткізіп тұрады. Тәрбиеленушілердің бастамасы бойынша оқу жылының басында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларына көмек көрсетілді, сондай-ақ оқу орнының аумағы абаттандырылды. Бұл акцияға әскери-техникалық мектептің 30-дан астам курсанты қатысты.