Мүгедектер мұңын кім тыңдайды?

Мүгедектер мұңын кім тыңдайды?
Сурет: Almaty.tv

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қамтамасыз ету әлі толыққанды шешілмей келеді.

Осы ретте мүгедектерге қатысты кейбір қоғамдық ұйым өкілдерінің басшылары мүгедектер мәселесін түбегейлі шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы орган керек екендігін алға тартады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Халықаралық тәжірибені қарап отырсақ, өркениетті елдердің көбінде тікелей мүгедектер мәселесімен айналысатын арнайы мемлекеттік органдар бар. Олар басқа саламен емес, нақты осы мүгедектердің мәселесімен айналысады. Ал бізде қазір бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында болғанымен, олар мүгедектердің мәселесін толық шеше алмайды. Себебі, олардың мүгедектерден басқа да жұмыстары жетіп-артылады. Еңбек және еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру деген секілді жұмыстары толып жатыр. Қазіргі таңда елімізде мүгедектер мәселесін тек қоғамдық ұйымдар ғана жан-жақты көтеріп жүр. Алайда, мүгедектер әлі күнге дейін өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алмай келеді. Өйткені, көпшілік жерде үйдің айналасынан бастап, қоғамдық көлік пен кеңселерге дейін мүгедектерге ешқандай жағдай жасалмаған.

Ғимараттардың барлығында дерлік мүгедектік арбамен жүретін жолдар мен қондырғылар орнатылмаған. Кеңес кезінде көптеген қалаларда бағдаршамдар қызыл жанып тұрғанда арнайы дыбыс беретін сигналдар орнатылушы еді. Қазір ол жоқ. Қоғамдық көліктер мүгедектердің мініп-түсуіне қажетті жабдықпен жабдықталмаған. Тұрғын үй кешендерін, ғимараттарды саларда мүгедектердің жағдайы ескерусіз қалған. Енді мұның барлығын ретке келтіру үшін не істеу керек? Құрылыс компаниялары биік ғимараттар салып жатқанда мүгедектер «мұны маған ыңғайлы етіп сал» деп айта ала ма? Шындығына келсек, мүгедектердің сөзіне олар пысқырып та қарамайды. Сондықтан мүгедектердің мәселесімен айналысатын арнайы орган болатын болса, олар айыппұл салады, егер тыңдамаса, сотқа береді, әйтеуір, мемлекеттік орган болғаннан кейін қолында күш бар, сол арқылы шеше алады. Тіпті керек болса, мұндай құрылым тікелей Президентке немесе Үкіметке бағынуы тиіс.

Ал қазір мүгедектер мәселесімен министрлік айналысқанымен, олардың мүгедектер бөлімінде жұмыс істейтін кадр аз. Олар бүкіл Қазақстан мүгедектерінің жағдайын жасай ала ма? Немесе министрліктің әр аймақтағы басқармаларында мүгедектікпен айналысатын екі-үш адам не тындыра алады?

Қазір кейбіреулер «Мүгедектерге мемлекеттік құрылым неге керек, онсыз да министрлік бар, түрлі қоғамдық ұйымдар бар, енді тағы да мемлекеттік орган ашып, ақша шығындаудың керегі не?» деп жатады. «Қыруар қаржыны желге шашқанша, одан да ол қаражатты мүгедектерге берудің тетігін қарастырайық» дейді. Жарайды, ол қаржыны мүгедектерге берейік. Бірақ олар оны не істейді? Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектердің ғимараттарға, қоғамдық көліктерге кіріп-шығуын, бағдаршамдарға сигнал қондырғыларын орната ала ма? Жоқ. Сондықтан мұнымен айналысатын арнайы мемлекеттік орган қажет. Сонда мүгедектер мәселесінде біршама проблемалар шешілген болар еді.

Тым болмаса, министрліктің ішіндегі мүгедектер мәселесімен айналысатын штатты көбейтіп, олардың құзыретін кеңейтіп, жұмыс істеуіне жағдай жасайық. Құзыреті күшейсе, олар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істесе, олардың көтерген мәселелері ескеріліп, шешу жолдарын Үкімет бірлесіп атқарса қандай тамаша болар еді. Ең болмаса, сол бар органның өзінің жұмысын тиімді етіп, мүгедектерге жағдай жасай алсақ қанеки.

Өкінішке қарай, қазір мүгедектердің мәселесі шаш-етектен. Олардың алатын жәрдемақылары мардымсыз, арнайы жұмыспен қамтылып отырған жоқ, тіпті көп ғимараттарда лифтілер жоқ болғандықтан, мүгедектер үйлерінен шыға алмай қамалып отыр. Мұны білдей бір министрлік шеше алмауда. Сондықтан олардың құзыретін кеңейтіп, талапты күшейтіп, қадағалауды қатаңдатқанымыз дұрыс. Қазір көзі көрмейтін мүгедектерге арнайы көмекші бекітілмеген, оларды қасында бір адам жетектеп жүрмесе қалай жүреді? Санаторийлерге барайын десе, апарып-әкелетін ешкім жоқ. Қазір олар тағдырдың тауқыметін тартып, үйлерінде отыр. Қазір бізде мүмкіндік бар, қаржы бар, бірақ оны тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырғанымыз жөн. Егер арнайы орган құрылып, мүгедектер мәселесімен тікелей айналысатын штаттар көбейсе, олар қоғамдық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеп, нақты мәселелерін тиісті органдарға жеткізе білсе, осының өзінде-ақ көп жұмыстарды тындыруға болады.

Қазақстан төрткүл дүниеге танымал ел атанып жатыр. Біреу қызғанып қарайды, біреу қызығып қарайды. Әлеуеті осындай деңгейге жеткен ел үшін мүгедек жандарға қатысты проблеманы дұрыс шеше алмауымыз елдігімізге сын емес пе? Мойындау керек, жоғарыдағы айтылған пікірлердің әрқайсысы өзінше ой салады. Ал біздің ойымызша, бұл мәселеден дау туындатпай, құзырлы министрлік бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ауызбіршілікпен біріге шешсе, біз алмайтын қамал жоқ.