Бір реттік темекіні сату тәртібі өзгереді

Бір реттік темекіні сату тәртібі өзгереді
Сурет: Retail.ru

Елде бір реттік электронды темекі мен вейптерді заңсыз сатқаны үшін 400-ден астам кәсіпкерге айыппұл салынды.

Алайда бұған қарамастан, мектеп оқушылары әлі де емін-еркін сатып алады. Денсаулық сақтау министрлігі елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы вейп эпидемиясы белең алғанын жоққа шығармайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Аталған ведомство өкілдері бір реттік темекі өнімдерін жасөспірімдерге қолдануға тыйым салуды тағы бір рет ұсынады. Қазір ол қоғамдық талқылауда тұр.

Қазіргі мектеп жасындағы балалардың ермек етіп жүргені осы. Бір реттік темекі немесе «вейп» деп аталады. Электронды темекіге әуестік балалар арасында көбіне қызығушылықтан басталады. Дәмін бір көремін дегендер тұрақты түрде темекінің тұтқынына айналуы мүмкін. Дәрігерлер балалардың табак өнімдеріне қызығуы қауіпті деп дабыл қағуда. Себебі оның құрамында химиялық әрі психотропты заттар бар. Соңғы жүргізілген зерттеулерге сенсек, әсіресе 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер жаман әдетке әуес.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті никотині бар өнімдерге қатысты техникалық регламентті әзірледі. Яғни Қазақстанда никотині бар өнімдерді 21-ге толмаған жастарға ашық түрде сатуға тыйым салынады. Бірақ бір реттік темекі әзірге дүкендерде емін-еркін сатылып жатыр. Бұл заңға томпақ келмей ме? Балалар арасында вейптің жылдам таралуына өнімнің қолжетімділігі түрткі болып отырған жоқ па? Сарапшылар осындай пікірде. 

 «Техникалық регламент болмаса, бұл өнімнің сапалы немесе сапасыз екенін дөп басып айту қиын. Мемлекет тарапынан алғашқы қадам жасалды. Арнайы стандарт әзірленді. Ол міндетті болмаса да тауарды әкелу коды өзгерді. Енді бұл өнім елге никотині бар тауар ретінде кіргізіледі және акциз төленеді. Менің ойымша, бұл – үлкен қадам», - дейді  «Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының» басқарма төрағасы Светлана Романовская.

«Бұл өнімдерге техникалық регламент әзірлеу үдерісі бір-екі айда толық шешіле қоймайды», – дейді мамандар. Нормативтік құжаттарда көптеген қайшылықтар бар. Мәселен, Халық денсаулығы туралы кодексте темекі өнімдерін арнайы сертификатсыз сатуға тыйым салу туралы жазылған. Бірақ кәсіпкерлерге бұл сертификатты алу міндетті емес көрінеді.

 «Әзірге бекітілген техникалық регламент жоқ. Сондықтан кәсіпкерлерден сәйкестік сертификатының немесе декларацияның болуын талап ете алмаймыз. Дегенмен олар өз өнімдерінің стандарт талаптарына сәйкестігін тексеруге құқылы. Қазір бұл тұрғыда Санэпидбақылау комитеті мүмкіндігінше осы ұлттық стандарттарды енгізу жұмыстарын жүргізуде. Аккредиттеуден өткеннен кейін біздегі Ұлттық сараптама орталықтары вейптердегі никотин құрамын анықтай алады және мемлекеттік бақылау шеңберінде вейптерге тыйым салу бойынша шараларды қолдана алады», - ҚР ДСМ Азық-түлік емес тауарларға техрегламенттерді бақылау басқармасының басшысы Розалина Ермекпаева. 

Биыл бір реттік электронды темекі акцизделетін тауарға айналды. Енді мемлекеттік кірістер комитеті темекі өнімдерін таңбалауға дайындалып жатыр. Демек, ол контарабндалық жолмен де кірмейді.

 «Темекі өнімдерін таңбалау қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Ол өзгерістер күшіне енгеннен кейін біз электронды темекілерді таңбалауға жатқызамыз. Яғни республикаға импортталғанда ол электронды темекілерде таңба болуы керек. Әйтпесе ел аумағына кіргізілмейді», - дейді Акциздерді әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Нұрдәулет Орынтай. 

Денсаулық сақтау министрлігі никотині бар электронды темекіге үшінші рет тыйым салуға тырысуда. Олар мұндай ұсынысты тағы да ашық үкіметтің сайтында жариялады. Құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша 21-ге толмаған жастарға никотин өнімдерін сатқан кәсіпкерлерден 6 млн теңге өндірілген. Ел ішінде осындай 400-ден астам құқықбұзушылық тіркелген.