Алматыда жұмыссыз 400 адам тегін кәсіптік оқытуға жіберілді

Алматыда жұмыссыз 400 адам тегін кәсіптік оқытуға жіберілді
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жалпы 1000 адамды кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Оның ішінде: білім беру ұйымдарында кәсіптік оқытуға 687 адам жолданса, жұмысы жоқ 313 адамды жұмыс берушілердің жұмыс орнына кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Кәсіптік оқыту ұзақтығы 3 айдан аспайды. 

«Биыл 26 сәуірдегі өңірлік комиссия отырысында білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту бойынша 18 мамандық бойынша 42 жұмыс берушінің тізімі,  687 орынға бекітілді. Жұмыссыздарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 12 мамандық бойынша 13 жұмыс берушінің тізімі, 313 орынға бекітілді», - деп хабарлады Ә. Жаңабаев. 

Көрсетілген кәсіптік оқыту түрлері бойынша 2023 жылға бір адамға оқыту құны 50 мың теңге мөлшерінде бекітілді.

Кәсіптік оқуға жіберілген қатысушылармен әлеуметтік келісімшарт жасалады және 21 787 теңге мөлшерінде оқудың бүкіл кезеңі үшін стипендиямен қамтамасыз етіледі. 

Жұмыссыздарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіби оқытуға келетін болсақ, мұнда қатысушылармен  еңбек шарты жасалады және ай сайын мансап орталығы салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны, банктік қызметтерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде жалақы төлейді. 

«Жасалған әлеуметтік келісімшарт және еңбек шарты шеңберінде оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Бүгінгі таңда Мансап орталығына 400-ден астам жұмыссыз  оқуға өтінім қалдырып, оқуға жіберілді. Келешекте үміткерлердің өтініш жасауына қарай тізім кеңейтілетін болады және кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілетін болады», - деп қорытындылаы спикер.

Барлық сұрақтар бойынша Достық даңғылы, 85, «Әлеуметтік қызметтер үйі» мекенжайы, болмаса, бірыңғай нөмірі 310-47-82 арқылы білуге болады. Толығырақ ақпаратпен мансап орталығының әлеуметтік желілерінде @ctm_almaty танысуға болады.