Алматыда жұмыс күші екі есеге артады

Алматыда жұмыс күші екі есеге артады
Сурет: Gov.kz

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары дайындаған 2050 жылға дейінгі демографиялық болжамға сәйкес 2026 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің саны 9,5 млн адам шамасында болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, 2028 жылдан бастап жұмыс күшінің саны белсенді өсе бастайды және 2050 жылға қарай 12 млн адамға жетеді.

«2027 жылға дейін жұмыс күшінің көрсеткіші объективті факторларға байланысты аз немесе мүлдем өспейді деп күтілуде. Бізде жұмыс күшінің азды-көпті белсенді өсуі шамамен 2028 жылдан басталады деп күтілуде. 2031 жылға қарай біз 10 миллион адамға, 2040 жылға – 11 миллионға жақындаймыз. Осылайша, жұмыс күші жылына шамамен 100 мың адамға өседі. 2050 жылға қарай біз 12 млн адамнан тұратын деңгейге жетеміз, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (9,256 млн) өсім 28%-ды құрайды», – деді ЕРДО Болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Өңірлер бойынша алғанда бірінші кезекте мегаполистерде, оның ішінде Астанада жұмыс күшінің өсімі күтілуде, онда 2050 жылға қарай өсім 2,4 есе болуы мүмкін. Алматыда жұмыс күші іс жүзінде екі есеге артады, Маңғыстау және Алматы облыстарында оның саны 80 %-ға өседі.