Алматыда жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркеледі

Алматыда жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркеледі
Сурет: ekonomigundemi.com.tr

2-ден 4 баллға дейінгі жер сілкіністері Алматы үшін фондық режим

Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі тіркеледі. 2- 4 балл Алматы үшін фондық режим. Бұл туралы «Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» бекіту бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясында әкім орынбасары Асқар Амрин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпартқа сілтеме жасап.

«Төтенше жағдайлар тәуекелдерін іске асырудан болатын салдарларды барынша азайту және апат аудандарынан жасырынуға немесе эвакуациялауға уақтылы мүмкіндік беру үшін «Дәрмен» мобильді қосымшасымен ұштасқан 9 сейсмостанция орнату арқылы күшті жер сілкіністері туралы ерте хабарлау жүйесінің пилоттық жобасы енгізілді. 4 және одан да көп баллдық жер сілкінісі болған кезде қосымшаны пайдаланушыларға автоматты түрде алдағы жер сілкінісі туралы Push-хабарламалар келеді»,- дейді ол.

Айтуынша, сейсмостанциялардың саны аз болғандықтан, «ерте хабарлау жүйесі» Алматы өңірін толық қамти алмайды. Бұдан басқа, құрылыс салушыларды міндетті сейсмикаға төзімді құрылысты жүзеге асыруға міндеттейтін стандарттар мен қала құрылысы нормалары жоқ.

«Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі болады. Бұл ретте күші 2-ден 4 баллға дейінгі жер сілкіністері Алматы үшін фондық режим. Алматы географиялық орналасуына байланысты жер сілкінісі алаңы болып табылатын Орталық Азияның сейсмикалығы жоғары аймақтарының бірінде орналасқан. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде мұнда 8-11 баллдық төрт жер сілкінісі болды және 6, одан аз баллдық күші бар 100 ден аса жер сілкінісі болды. Қала шегінде барлығы 30 тектоникалық жарылымдар қиылысады, олар қаланың бүкіл аумағын қамтиды»,- дейді спикер.