Алматыда ұйымдасқан қылмысқа қарсы маман даярлау орталығы ашылды

Алматыда ұйымдасқан қылмысқа қарсы маман даярлау орталығы ашылды
Сурет: Polisia.kz

Орталықтың басты мақсаты – полицейлердің кәсібилігін арттыру.

ІІМ Алматы академиясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша мамандарды даярлау орталығы ашылды, – деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңадан ашылған ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша мамандарды даярлау орталығы ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша ашылған.

Онда полицейлерге академияның білікті профессорлық-оқытушы құрамы аталмыш бағыттағы жұмыстың дағдылары мен ерекшеліктерін үйрететін болады. Атап айтқанда, еліміздің әр өңірлерінен ұйымдасқан қылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша полиция мамандары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Оқыту орталығының басты мақсаттарының бірі – ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу жұмысында полицейлердің кәсібиліктерін арттыру. ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов атап өткендей, республика бойынша түрлі қылмыстық топтар мен элементтерді құрықтауға, олардың алдын алу мен жолын кесу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Аталмыш орталық жедел уәкіл қызметкерлердің кәсібилігі мен білімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Іс-шараға сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров және ҚР ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков қатысты. Ашылу салтанатынан соң, орталықта көші-қон бойынша Халықаралық ұйым миссиясының және Орта Азиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының өкілдерінің қатысуымен “Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес” тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Жиында алдағы уақыттағы жұмыстар жоспары мен оқыту формасын жетілдіру туралы мәселелер талқыланды.