Алматыда үйге соғылған автобуста зардап шеккендердің бірінің жағдайы өте ауыр

Алматыда үйге соғылған автобуста зардап шеккендердің бірінің жағдайы өте ауыр
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Дәрігерлер Алматыда жол апатынан зардап шеккен жеті адамның қазіргі жағдайын айтты.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 10 қазан күні жол апатынан зардап шеккендер қалалық жедел жәрдем ауруханасы мен №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан 7 адам зардап шекті, оның біреуі - кәмелет жасына толмаған бала. Дәрігерлердің тексеруінен кейін 6 пациент амбулаториялық емге жіберілді. Қазіргі уақытта бір зардап шегушінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып, ол аурухананың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр. Барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде алады»,- деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салайық, кеше Алматыда 141-бағыттағы автобустың жүргізушісі көлікті басқара алмай, жеке тұрғын үйге соғылған болатын.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.