Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай даңғылын ұзарту учаскесінде қозғалыс ашылды

Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай даңғылын ұзарту учаскесінде қозғалыс ашылды
almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздік күні қарсаңында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Абай даңғылының өтпелі қозғалыс ашылған учаскесін аралап көрді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Абай даңғылында Наурызбай ауданының әкімшілік орталығында Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін ұзындығы 3,5 км учаскенің құрылысы аяқталуда. Екі бағыт бойынша көлік қозғалысы үшін үш жолақ қарастырылған.

Әшімов көшесінің үстінен 400 метрлік эстакада салынды, оның қозғалысын айдың соңына дейін ашу жоспарлануда. Бұл телімде бағдаршаммен реттелетін уақытша қозғалысының сызбасы ұйымдастырылған.

Абай даңғылын ұзарту жобасын іске асыру барысында Қарғалы өзені арқылы да көпір салынды. Абай даңғылын қаланың батыс шекарасына дейін ұзарту көліктің кедергісіз өтуіне мүмкіндік берді.

Бұған дейін Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрығы ашылған болатын.

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылысшыларға алғыс айтып, оларды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Жұмысшылар қысқа мерзімде күрделі жобаларды аяқтады, соның арқасында көлік инфрақұрылымы жақсарып, қала тұрғындарының мобильділігі артады.

Бақытжан Сағынтаев салынып жатқан Бауыржан Момышұлы метро станциясын аралап көрді, онда әрлеу жұмыстары аяқталып, жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін Бауыржан Момышұлы және Сарыарқа станцияларын техникалық іске қосу жоспарлануда.