Алматыда синтетикалық есірткі дайындап сатқан адам ұсталды

Алматыда синтетикалық есірткі дайындап сатқан адам ұсталды
Сурет: Delfi.It

Алматыда ірі синтетикалық есірткімен 33 жастағы адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша, есірткіні дайындаушы 33 жастағы С. есімді азамат болып шықты. Тәртіп сақшылары оның «Мерседес» маркілі көлігін Достық даңғылы мен Омарова көшесінің қиылысында тоқтатты. Оның өзін және көлігін тінту кезінде көлігінен изолентаға оралған 85 бум табылды.

Ұсталған азамат табылған заттарды Алматы қаласы мен Алматы облысына саудалау үшін сақтап қойған, «мефедрон» және «марихуана» есірткісі екенін айтты.

Тергеу барысында мәлім болғанындай, күдікті синтетикалық шөпті өзі жасаған. Осы мақсатта ол Алматы облысы Тұздыбастау ауылында жер үйді жалға алған.

Тінту кезінде жалға алынған тұрғын үйден зертханалық жабдықтар, шыны тостағандар мен кристалды заттар салынған металл қаңылтырлар, канистрге құылған түрлі сұйықтықтар және ұнтақ химиялық заттар, ұнтақ заттар салынған полиэтилен қаптар, электронды таразылар, магниттік араластырғыш және 300 қапшықтар табылып, және тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың ішінен «мефедрон» есірткісі анықталды және оның салмағы 15 келі 200 граммды құрады.

«Жауап алу кезінде есірткі жасаушы лаборант пен курьер болып жұмыс істеген және осы жұмысы үшін жақсы жалақы алғанын айтты. «Жұмыс беруші» зертханаға қажет баспананы да жалға алып берген. Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды»,-делінген хабарламада.