Алматыда сарбаздарға сертификаттар табыс етілді

Алматыда сарбаздарға сертификаттар табыс етілді
Сурет: Министрлік

2000-ға жуық маман дайындалды

Осы уақытқа дейін кіші буын мамандарын даярлайтын мамандандырылған оқу-жаттығу орталығынан 2000-ға жуық маман білім алып шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Салтанатты шара Алматы гарнизонының 03825 әскери бөлімінде өтті. Жыл сайын байланыс оқу-жаттығу орталығында шамамен 200-ге жуық адам оқып шығады. Оларға әскерге қажетті «3-сыныпты маман», ал азаматтық сала бойынша – «2-разрядты электр монтер маманы» сыныптық біліктілігі беріледі. Орталықтың түлектері қазірдің өзінде бөлімшелерге бөлініп, тиісті мамандықтар бойынша міндеттерін орындауға кірісті.

Әскери бөлімнің командирі, подполковник Асхат Ұлыбаев оқу процесінің аяқталуымен және жауынгерлердің байланыс кіші маманы біліктілігін алуымен құттықтап, былай деді:

– Жұмыла алға қойған жаңа мақсаттарыңа жетіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне, қорғанысымыздың мығым болуына үлес қосып, аман-есен жауынгерлік дәстүрге сай құндылықтарды сақтап, Егемен Қазақстанның игілігі жолында қанаттарың талмай, самғай беріңдер!

2013 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы кіші буын мамандарын даярлайтын мамандандырылған оқу орталығын құру туралы шешімді қабылдағанын айта кетелік. Содан бері бұл жерде 2000-ға жуық маман дайындалды. Мұндай орталықта негізінен мерзімді қызметтегі сарбаздар оқиды.

– Әскердегі борышыңды өтеген соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі кеңейтетініне қуаныштымын. Жаңа Қазақстанда байланыс оқу орталығын бітірген мамандар қажет деп ойлаймын, – дейді қатардағы жауынгер Бекзат Қалдыбек.

Оқуды аяқтаған сарбаздардың қолына екі түрлі сертификат беріледі, олар армиядағы қызметін аяқтағаннан кейін бұл мамандықпен азаматтық салада жұмыс таба алады немесе келісімшарт бойынша қызметке қалуына тікелей мүмкіндік беретін құжат болып табылады.

Бұрын да айтып өткеніміздей, мерзімді әскери қызметті өткеру барысында жас қазақстандықтар экономиканың нақты секторында сұранысқа ие ауыр жүк машиналарының, экскаваторлардың жүргізушілері, тракторшылар, жол салатындар, дизелист-электриктер және басқа да мамандықтарды алып шығады.