Алматыда «Qoldau» акциясы қолға алынды

Алматыда «Qoldau» акциясы қолға алынды

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 7 сәуірден 26 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, «Qoldau» акциясын қолға алды.

Іс-шара қаламызға қарасты 8 ауданындағы мемлекеттік кірістер басқармаларында ұйымдастырылды.

«Ашық есік күнін кәсіпкерлікпен айналыса бастаған адамдарға, аудан тұрғындарына, салық заңдылығын түсіне алмай жүрген жандарға арнадық. Әкімшілік тарапынан да қызметкерлерді шақырдық. Оларға қоятын сұрақтар болса, жауабын, шешімін тапсын деген ниетпен бірлескен акция ұйымдастырып отырмыз. Әлеуметтік желі арқылы «Qoldau» акциясы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бір жағынан, көпшілікті толғандыратын сұрақтармен таныс болдық.  Алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс жасау керектігін өзімізге түртіп алдық»,–дейді Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма басшысы Төлеухан Керімбеков.

 Акцияға 3827 адам қатысқан олар өзара іс-қимылдың арқасында қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алып, сондай-ақ нормативтік-құқықтық және заңнамалық актілердің сапасын арттыру бойынша өз пікірлерімен бөлісе алды.

«Бірлесе өткізіп отырған шарамыз қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары ретінде жүргізілді. Әр ауданда аптаның бейсенбі күндері таңғы сағат 9-дан түске дейін түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Салық төлеушілерге, кәсіпкерлікті қолға ала бастаған жандарға, аудан тұрғындарына ақпараттық көмек көрсеттік. Бұл «еститін мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде кері байланысты айтарлықтай күшейтуге және қала тұрғындарының сұрауларына уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Тұрғындарды мазалаған кейбір мәселелер департаменттің бақылауына алынды»,–дейді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының мемлекеттік көрсетулер сапасын дамыту және бөлім басшысы Индира Рахимджанова.

Кеңес беру күндері халыққа салықтық заңнамалары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бүгінгі күні азаматтардың құқықтық білімін арттырудың маңызы зор дейді мамандар.

«Мемлекеттік органдар халыққа ашық болсын деген ниетпен «Qoldau» акциясын ұйымдастырдық. Біздің қызмет алушыларға халық үшін жасалып жатқан шаруалар көмегі тиеді деген ойдамын. Екі айдың ішінде 3000 мыңнан астам адам көмек алды. Қарап отырсақ, Әуезов, Алмалы, Бостандық аудандарының тұрғындары басқаларға қарағанда өте белсенді екен. Келушілердің көпшілігі жеке кәсіпкерлікті қолға алуға ниетті екендігін байқадық, қандай құжаттар тапсыру керектігін, қайда тапсыру қажеттігін түсіндіріп өттік»,–дейді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілі Мақсат Жаңбыршиев.

«Qoldau» акциясы аясында тұрғындар мынандай қызметтерге жүгінген.

  1. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге 647 тұрғын жүгінген (16%).
  2. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұруға (ұзарту, қайта бастау) 337 тұрғын жүгінген (8%).
  3. Салық есептілігін қабылдауға 318 тұрғын жүгінген (10%).
  4. Салық есептілігін кері қайтарып алуға 296 тұрғын жүгінген (10%).
  5. Қосылған құн салығын төлеушілерді тіркеу есебі бойынша 98 тұрғын жүгінген (3%).
  6. Қызметті тоқтатуға 578 тұрғын жүгінген (15%).
  7. Камералдық бақылау хабарламасы бойынша 789 тұрғын жүгінген (20%).
  8. Салық салу саласындағы өзге де мәселелері бойынша 764 тұрғын жүгінген (19%).