Қазақстандық такси компанияларына инватакси санын көбейту міндеттеледі

Қазақстандық такси компанияларына инватакси санын көбейту міндеттеледі
Сурет: Kapital.kz

Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында мүгедектерге қатысты кемсітушілікке жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сондай-ақ заң жобасында такси компаниялары әрбір он таксиге мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген бір такси беруі тиіс деген түзетуді ұсынады. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес такси компаниялары әрбір 30 таксиге осындай такси ұсынуы керек. Тұрақты бағыттар бойынша мүгедектерді тасымалдауға бейімделген автобустарды сатып алуға өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, енді мүгедек баланы санаторлық-курорттық емдеуге алып баратын ата-анасының біріне немесе заңды өкіліне негізгі қажеттіліктер – жатын орын, тамақ және төсек-орынның құнын өтеу ұсынылып отыр. Бұл бастама аз қамтылған және шалғай елді мекендерден шыққан мүмкіндігі шектеулі балаларды курорттық емдеуді кешенді түрде қамтамасыз етеді.